Оңтүстік Қазақстан облысындағы 13 мектептің құрылысы бітпесе, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы орындалмайды - Қ. Айтаханов

None
None
АСТАНА. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Оңтүстік Қазақстан облысындағы 13 мектептің құрылысы бітпесе, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы орындалмайды.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысында бірқатар мектептер салынып жатыр. Осылардың ішінде 13 мектептің құрылысы аяқталмай қалайын деп тұр. Шындығанда, осы Оңтүстік Қазақстан облысындағы 13 мектептің құрылысы бітпесе, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы орындалмайды. Өйткені, бұндай нысандардың орнын басқа облыс жаба алмайды. Осыған байланысты, 2009 жылы әлгі құрылыстарды аяқтауға 1 млрд. 800 млн. теңге (1 мектепке орташа есеппен 100-130 млн. теңгенің көлемінде) қажет», деді Қ. Айтаханов.

Сонымен бірге, сенатор өңірде 2005-06 жылдардан бері қарай салынып келе жатқан 6 мектептің де құрылысы бітпей тұрғанын алдыға тартады. Оның айтуынша, бұл мектептерге 977 млн. теңге шамасында қаражат қажет. «Біз бітуге таяп қалған бұл мектептерді қаржыландыру 2010 жылға ысырылыпты деген жауап алдық. Оларға қарастырылған қаражат басқа облыстарға бөлінетін болыпты. Шындығында, қаражат ерте бөлінсе, Елбасының бағдарламасы да ерте бітетін еді», деді Қ. Айтаханов.

Осыған орай, депутат Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінен ағымдағы жылы бюджетті қайта нақтылау барысында жоғарыда аталған нысандарға қаражат бөлуді сұрады.

Соңғы жаңалықтар