Оңтүстік Қазақстан облысында пәтер тонап жүргендер ұсталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында пәтер тонап жүрген күдіктілер ұсталды. 12 үйге ұрлыққа түскендер жәбірленушілерге миллиондаған шығын келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс орталығынан шалғай орналасқан  Кентау қаласында соңғы кезде пәтер тонаушылар көбейіп кеткен. Жуырда полиция бөлімшесіне арызданған  бір  тұрғын үйіне ұры түсіп, бір миллион теңгенің алтын бұйымдары жоғалғанын мәлім еткен. Бұдан бөлек, қалалық ішкі істер басқармасына тағы ондаған жәбірленуші хабарласып, үйлерін тонап кеткенін көрсеткен. Осыдан кейін жедел іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен екі сезіктіні ұстады.  25 және 28 жастағы сыбайластар Кентау қаласының жұмыссыз жүрген тұрғындары екені анықталды. Тергеу шаралары барысында олардың 12 үйді тонағандары белгілі болды. Ұсталған екеу жәбірленушілерге 4,5 млн теңгеден аса шығын келтіріпті.

Сезіктілердің сөзінше олар күндіз белгілі бір үйді аңдып, ұрлыққа негізінен түн ортасында шығып отырған. Үй иелері жоқ болған жағдайда терезелерін ашып, ішке кіреді. Сөйтіп жан-жақты тінтіп, қалаған заттарын алып кетіп отырған.

Қазіргі таңда осы деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 188-ші «Тонау» бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Екі сыбайлас та уақытша тергеу абақтысына жабылды. 

Соңғы жаңалықтар