Оңтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіп саласы бойынша 776 млрд. теңгенің өнімі өндірілген

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіп саласы бойынша 776,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Осылайша оңтүстік өңірі республикада 3 орынға тұрақтады. 

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев халық алдында есеп беру кезінде мәлім етті, -деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

 Өткен 2016 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған өңір басшысы Индустриалдық - инновациялық даму бағдарламасының аясында былтыр облыста 19 жоба іске қосылып, 600-ден астам жұмыс орны ашылғанын атап өтті.  Индустриалды аймақтарда 15 жоба іске қосылып,  6 млрд. теңге инвестиция тартылған. Жалпы, облыстағы индустриалды аймақтарда 200,5 млрд. теңгеге 170 жобаны іске асырып, 12 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

   «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 303 жобаға қолдау көрсетіліп,  2126 жұмыс орны құрылды.  Барлық аудан, қалаларда "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары" арқылы 37 232 адамға көмек көрсетілді. Облыс экономикасына өткен жылы 380,6 млрд.теңге инвестиция тартылды»,- деді Ж.Түймебаев. 

 Сондай-ақ күнгейде былтыр  530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласында 4 нысан, білім саласында  39, ал мәдениет саласында 8, спорт саласында 2 нысан  жаңадан ашылған. Ал,  «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 18,8 млрд. теңге игеріліп, нәтижесінде 72,2 мың адам қамтылды. Осы бағдарлама аясында 36,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Өткен жылы аймақта 24 ауыз су,  25 табиғи газ нысандары пайдалануға берілсе, 640,9 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл өткен жылғы атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана.

   «Соңғы жылдары облыстың агроөнеркәсіптік өндірісінің дамуында оң үрдістер байқалып отыр. Ауыл шаруашылығында жалпы өнімінің өсу динамикасы сақталып, егін шаруашылығын әртараптандыру, асыл тұқымдандыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл мемлекеттің белсенді бюджеттік саясатының арқасында мүмкін болуда. Есепті жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 445 млрд. теңгені құрап, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9% артты. Егіс көлемі 13 мың гектарға ұлғайып, 788,8 мың гектар болды»,- деді облыс әкімі.

   Айта кету керек, оңтүстік диқандары былтыр орташа есеппен 633 мың тонна дәнді дақыл жинаса, ол  2015 жылмен салыстырғанда 8,9%-ға артық болып отыр. Дәнді дақылдың түсімділігі орташа 25,1 цн/га құрап, Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңіндегі ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Сонымен қатар, 2016 жылы 1060 мың тонна  көкөніс, 1264 мың тонна  бақша өнімдері, 268 мың тонна картоп, 287 мың тонна  мақта жиналды. 

Соңғы жаңалықтар