Оңтүстік Қазақстан облысында оқушы орнына тапшылық 58 мыңды құрап отыр - сенатор Қ. Айтаханов

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін соңғы үш жылда Оңтүстік Қазақстан облысында мектепке келуші бүлдіршіндердің саны жыл сайын 20 мыңға өсіп, оқушы орнына деген тапшылық 58 мыңды құрап отыр.

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оңтүстік Қазақстан облысы республикамыздың халқы тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Бұнда 512 мың 200 оқушы бар, ол республиканың мектеп оқушыларының 21 пайызын құрайды. Ал ағымдағы жылмен салыстырсақ, республика бойынша мектепке барған бүлдіршіндердің төрттен бірі осы өңірде болып отыр. Дегенмен де, облыстың, білім саласында мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар жасалынып жатқанына қарамастан шешімін табуды қажет ететін проблемалар  жеткілікті. Айталық, өңірдегі 1 мың 13 мектептің 560 ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан, 332 саман кірпіштен салынған, 69 апатты жағдайда, 29 мектепте үш ауысымда білім алуда, 19 елді мекенде мектеп жоқ. Балалардың туылу динамикасының тез өсуіне сәйкес мектепке келуші бүлдіршіндердің саны жыл сайын 20 мыңға өсіп, соңғы үш жылда оқушы орнына деген тапшылық 58 мыңды құрап отыр», деді Қуаныш Айтаханов. Сенатордың айтуынша, облыста мектепке дейінгі балалардың 25 мың 140-ы немесе 13,8 пайызы ғана бала-бақшамен қамтылып, ондағы тапшылық 180 мың орынды құрайды. Ал бұндай мәселелерді шешу үшін облыста жыл сайын ең аз дегенде 40 мектеп, 20 бала-бақша салынуы тиіс көрінеді.

Осы мәселелерді алдыға тартқан сенатор Қ. Айтаханов Үкіметтен  2010-2012 жылғы республикалық бюджетті қарастыру барысында Оңтүстік Қазақстан облысы білім саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлуді сұрады. Ол үшін техникалық-экономикалық негіздемесі, жобалау-сметалық құжаттары бар, мемлекеттік сараптамадан өткен нысандардың құрылысын бастауға, аяқталмай қалған құрылыстарды бітіруге қосымша қаржы бөлу қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар