Оңтүстік Қазақстан облысында мал сойғандар сарып ауруын жұқтырған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері бес адам сарып ауруына шалдыққан. Мамандар олардың барлығы  жұқпалы ауруды мал сойғанда жұқтырғанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Өңірлік Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы Балкүміс Мұсаеваның сөзінше, жергілікті халық негізінен мал шаруашылығымен айналысатындықтан мұндай жағдайдар кездесіп тұрады. Әсіресе, мал сойғанда тұрғындар сақтық шараларын қолданбайды. 

«Бір айдың өзінде бес жағдай тіркеліп отыр. Оның ішінде 2 науқас Ордабасы ауданының, өзгелері Төлеби, Созақ, Отырар ауданының тұрғындары. Бүгінде сарыпты жұқтырғандармен бірге болған ауыл тұрғындары тиісті медициналық тексерулерден өтуде. Сондай-ақ өңірдегі базарлар мен сауда орындарында сатылып жатқан ет, сүт өнімдерінің сапасы қатаң бақылауға алынған», - деді Б.Мұсаева.

Әзірге сатылымға шығарылған ет өнімдерінен сарып ауруы кездескен жоқ.  Десе де мамандар жергілікті халыққа қолдан ет, сүт өнімдерін алмауға кеңес береді.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде сарып ауруын жұқтыру бойынша 279 жағдай тіркелген. Дегенмен бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 27 пайызға төмен. 

 
Соңғы жаңалықтар