Оңтүстік Қазақстан облысында инвестиция көлемі 31,5% өсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында инвестиция көлемі 31,5 пайызға артты. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына хабарлады.

«2017 жылдың алғашқы 7 айында облыста маңызды жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысқа 229,9 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл 2016 жылғы көрсеткішпен (166,4 млрд теңге) салыстырғанда 31,5 пайызға көбірек. Оның ішінде сыртқы инвестициялар 42,3 млрд теңгені құрап, өңірді республикалық деңгейде бірінші орынға шығарды. Республика бойынша облыстың жалпы көрсеткіші 14,1%-дан 16,9%-ға дейін өсті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өңірлік өнім көлемі 2,7%-ға артып, 187,8 млрд теңгені құрады», - деді Ұ.Сәдібеков.

Сонымен бірге, ОҚО әкімінің орынбасары өңірдегі биылғы егін алқабының 20,7 мың гектарға артып, 809,5 мың гектарды құрағанын атап өтті. Сондай-ақ, қосымша 297 кооператив құрылды, олардың саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейіп, 593 дананы құраған.

Ұ.Сәдібековтың айтуынша, облыста бюджетке түскен салмақты азайту мақсатында мемлекеттік-жекешелік серіктестік механизмі қолданылуда. Соңғы 7 айда жалпы сомасы 9,3 млрд теңге болатын 13 жоба бойынша келісімдер бекітілді. Оның 8-і білім беру жүйесінде болса, екеуі - денсаулық сақтау саласында, үшеуі - спорт саласында. Сондай-ақ, «Онкологиялық орталық құрылысы», «Қауіпсіз қала», «Көшелерді жарықтандыру» сынды ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар