Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Есеп комитетін алдай алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің бүгінгі отырысында Оңтүстік Қазақстан облысына бөлінген бюджет қаражатын пайдалануына жүгізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы қаралды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында комитеті мүшесі Талғат Жақан Түркістан қаласында 1,3 млрд. теңгеге салынған электр стансасына қатысты сұрақ қойды. "Ол қалай өзі? Электр стансаны бір жыл бұрын салдыңыздар. Қаншама ақша жұмсалды. Бірақ әлі күнге дейін іске қосқан жоқсыңдар. Сонда xалыққа жарық қажет емес пе?", - деді Т.Жақан. Аталған мәселе бойынша есеп берген Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр: "Ол жерде...Бәрі монополистерге байланысты. Желтоқсанның 1-іне дейін оны қабылдайды. Қазір нормативтік құжаттар бойынша монополистердің тарапынан құрылысы біткен нысандарды қабылдаудың нақты мерзімі жоқ...Олар осы жұмысты үнемі созып отырады. Сол себепті бұл мәселені ылғи шешуге тура келеді...", - деп жауап берді. Осы жерде Есеп комитетінің басшысы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин күліп жіберді. "Ербол Әбілқайырұлы, осыған қатысты жақсы бір сөз бар. Ондайды "шаянды тастың тасасына кіргізу" ("Заводить рака за камень" - орысша) дейді. Білесіз бе, бұл мақалды? Мәселенің мәнісін айтпай, адамды шатастырғанда солай айтады. Монополистің қандай қатысы бар? Аймақтың қожайыны кім? Әкімдік. Сіздерде мәселені шешуге қажетті барлық ресурстар бар. Осы жерде отырғандардың ішінде әкімдікте бір жыл емес, бірнеше жыл істегендер бар. Олар бәрін біліп, түсініп отыр. Сондықтан, Ереке, "шаянды тастың тасасы кіргізудің" қажеті жоқ", - деді Қозы-Көрпеш Жаңбыршин. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары комитет басшысының бұл сөзімен келісті.

Айта кетейік, Оңстүстік Қазақстан облысына бөлінген бюджет қаражатын пайдалануына жүргізілген мемлекеттік аудит кезінде сан алуан заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, жалпы сомасы 4,9 млрд. теңгенің коммуналдық мүлігі үш жылдан бері Шымкент қаласының балансына қабылданбай жатыр. Түркістанда "Коммунальная" атты электр стансасының құрылысына 1,3 млрд. теңге жұмсалды. Бірақ оның іске қосылмай тұрғанына бір жыл болды. Ал дәрі-дәрмектерді уақытында таратпаудың салдарынан Мақтарал, Созақ, Сайрам, Шардара мен Ордабасы аудандарының xалқы ем-домсыз қалды. Кәсіби мамандардың тапшылығы, әсіресе, білікті буxгалтерлердің болмауы көптеген қаржылық заң бұзушылықтарға себеп болды. Жалпы, мемлекеттік аудит кезінде 14,1 млрд. теңгенің қаржылық тәртіп бұзушылықтары анықталды. Ал тиімсіз игерілген ақшаның көлемі 5,5 млрд. теңгені құрады. Алайда аудит кезінде құзіретті органдар қаржылық тәртіп бұзушылықтарға  (14,1 млрд. теңгенің - авт.) тиесілі 10,8 млрд. теңгені қалпына келтірді.

Бүгінгі отырыста "Агробизнес - 2020" бағдарламасына жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесі де жарияланды. Бағдарлама аясында қыруар қаржы тиімсіз жұмсалды. Миллиардтаған ақшаға салынған құрылыс нысандары әлі күнге дейін қаңырап бос тұр. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қымбат қондырғыларды не үшін сатып алғанын түсіндіре алмады.

Соңғы жаңалықтар