Оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыруға биылғы жылы 85 млрд. теңге бөлінген

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Павлодар облысы, Май ауданының әкімі Ардақ Қаңтарбаев бастаған жұмыс тобы оңтүстік өңірде болып, аудандарды аралады. Ордабасы ауданына барған топ мүшелері Бадам, Шұбарсу, Темірлан елді мекендеріндегі тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Кездесу барысында шалғайдан келген басшылар азаматтарды солтүстік өңірлеріне қоныстандыру жобасының мақсатымен таныстырып өтті. Үкіметпен оңтүстік өңірлерден солтүстік облыстарға көшуге ниетті адамдарды ынталандырудың жаңа бағыттары енгізілгенін айтып өтті. Сонымен қатар, қоныс аударғандардың шығыны 35 АЕК көлемінде өтелетіні, яғни отбасының әрбір мүшесіне 79 мың теңге сомасында берілетіні сөз болып, бір жыл бойы көшіп барған отбасының баспананы жалдауға жұмсайтын шығындары субсидияланатыны жеткізілді.

Май ауданының басшысы Елбасының көрегендік саясатын нақты жүзеге асыру тұрғысында түрлі салаларда, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, және өндіріс саласында әлеуеті зор, дегенмен жұмыс күші тапшы теріскейде мүмкіндіктердің мол екенін әңгімеледі. Аудан әкімі солтүстік өлкені әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін оңтүстік, соның ішінде Ордабасы ауданы жұртшылығының қол ұшын созуынан үміттеніп келгенін жасырмады.

Жиын барысында мәселенің мән-жайына байланысты сұрақтар қойып, көп нәрсеге қаныққан бірқатар тұрғындардың қоныс аударуға деген ынта-ықыластары аңғарылды.

Бүгінге дейін Ордабасы ауданынан Солтүстік Қазақстан облысына 6 отбасы қоныс аударып, тағы 6 отбасыдан өтініш түсті. Ендігі кезекте, Май ауданына қоныс аударудың тиімділігі мен артықшылықтары тұрғындар арасында кеңінен насихатталмақ.

Айта кету керек, оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыру бағдарламасына биылғы жылы 85 млрд. теңге бөлінген.

Соңғы жаңалықтар