Оңтүстік диқандарына несиелендірудің жаңартылған бағдарламасы таныстырылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендірудің жаңартылған бағдарламаларын таныстыру мақсатында арнайы жиын өтті. 

Шараға аудан басшыларының орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген 100-ге жуық кәсіпкер қатысты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Өңірде биылғы көктемгі егіс жұмыстарына республикалық бюджет есебінен 60 млрд теңге бөлініп отыр. Ал, «Аграрлық несие корпорациясының»  тікелей қарыз алушылары үшін несиенің жылдық мөлшерлемесі 3 пайызды құрайды. Яғни пайыздық мөлшерлеме былтыр 5 пайыз болса, биыл ол 2 пайызға төмендетілген.

«Егер несие екінші деңгейлі банктер арқылы берілсе, қарыз алушы үшін несие мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды. Ал егер қаржыландыру кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы үлестірілсе, несие мөлшерлемесі 8 пайыздан жоғары болмайды»,- деді «Аграрлық несие корпорациясы»  АҚ өңірлік даму департаментінің басқарушы директоры Айжан Кенжебаева.

Бұл қомақты қаржы үш бағытта жұмсалмақ. Бірінші бағыт - екінші деңгейлі банктердің кепілдігімен Аграрлық несие корпорациясынан 40 млрд теңге бөлінеді.  Екінші бағыт - фермерлерді екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру. Бұл бағытқа 15 млрд теңге қарастырылып отыр. Үшінші бағыт - несиелік серіктестер және микроқаржылық ұйымдар арқылы қаржыландыру.

   Сондай-ақ биыл басым дақылдарға да несие белгіленді. Бар қаражаттың 20 пайызға жуығы майлы дақылдарға, шамамен 5 пайызы арпаға және 75 пайызы басқа дақылдарға бағытталуы тиіс. Басымдық берілген дақылдар бойынша көктемгі егіс жұмыстарын несиелендіру 1 сәуірге дейін созылады,  одан әрі қалғандары қаржыландырылмақ.

Еске сала кетейік, осы жылдан бастап көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуді несиелендіру мәселелерімен, инвестициялық жобаларды қаржыландырумен «Аграрлық несие корпорациясы»  АҚ айналысатын болады. Қазірдің өзінде  өтініш қабылдау басталды. Қазақстанның барлық облысы бойынша көктемгі егіс жұмыстарын несиелендірудің жаңартылған бағдарламасын таныстыру 22 ақпанға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар