Оңтүстік Африкада әл-Фарабидің мерейтойы аталып өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оңтүстік Африка Республикасы әл-Фарабидің мерейтойын Қазақстанмен бірге атап өтті. Бұл туралы осы мемлекеттегі ҚР Елшілігінің Facebook парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оңтүстік Африка Республикасының елордасы -Цване қаласында 10-шы ғасырдың көрнекті философы, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150-жылдық мерейтойы аясында іс-шара өтті.

Басқосуға ОАР үкіметі атынан Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің бірінші орынбасары, парламент депутаты Элвин Ботес, сыртқы саяси мекеменің өкілдері, Т.Мандела қорының президенті Ндилека Мандела, сондай-ақ Оңтүстік Африка астанасының танымал тұрғындары қатысты.

Мерекелік шарада дипломатиялық корпус және шетелдік мемлекеттер атынан Азия тобының дуаейні, Филиппин Елшісі Жозеф Анжелес, Әзербайжан, Бангладеш, Беларусь, Индонезия, Ирак, Иран, Кувейт, Маврикий, Пәкістан, Ресей және Түркияның елшілері, Біріккен Ұлттар Ұйымы Есірткі және қылмыс басқармасының Африканың Оңтүстігі өңіріндегі өкілі Жұлдыз Ақышева; Қазақстан Республикасының Мозамбиктегі Құрметті консулы Дино Фой; сондай-ақ Юнус Эмре атындағы Түрік тілі және мәдениеті институтының ОАР-дағы өкілдігінің басшылығы болды.

Ашылу салтанаты барысында Қазақстан Республикасының Елшісі Қанат Тумыш пен Оңтүстік Африка Республикасының Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің бірінші орынбасары Элвин Ботес сөз сөйледі.

Қазақстандық дипломат қатысушыларды Қазақстан мен Оңтүстік Африка арасындағы екіжақты қатынастардың негізгі бағыт және тұстарымен, өз елінің сыртқы және ішкі саясатының жетістіктерімен таныстырып, Қазақстан басшылығының маңызды бастамаларын тілге тиек етті. Ол сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына ерекше тоқталды.

ОАР Сыртқы саяси ведомствосы басшысының орынбасары Э.Ботес өз сөзінде: «Мәдени дипломатия Қазақстан мен Оңтүстік Африканың екіжақты қарым-қатынастарының дамуында маңызды тетіктерінің бірі болып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі іс-шара уақыт, ұрпақтар мен құрлықаралық сабақтастықты қамтамасыз етумен бірге, жас буынға лидерлік қасиеттерді таныта отырып, оларға қолдауын көрсетуде», деп атап өтті.

Салтанатты іс-шара барысында, Қазақстан Елшілігінің ұйытқы болуымен көрнекті ортағасырлық ғалым және философ туралы өткізілген Эссе (шығарма) байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл жоба «Әл-Фарабидің мұрасы» тақырыбында ұйымдастырылды.

Байқау жеңімпаздары әл-Фарабидің мерейтойлық медальдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұдан соң Цване қаласында Қазақстанның Оңтүстік Африка Республикасындағы Елшілігі төрт тілде – араб, ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде шығарған Әл-Фарабидің «Мінсіз мемлекетке ұмтылу қажеттілігі туралы ғақлия» атты кітабының тұсаукесері өткізілді», деп жазылған елшілік хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар