Онлайндағы қызықтар мен шыжықтар: 1-сынып мұғалімімен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Адамдарды ет жақынынан айырған, әлемдік экономиканы әлсіреткен коронавирус пандемиясынан адамзаттың алған сабағы да көп: қолда барды бағалау, денсаулықты күту, табиғатты аялау, жаңа кәсіпке машықтану, цифрлық технологияны өмірдің барлық саласында қарқынды қолдану. Соның ішінде Қазақстанның әрбір отбасы үшін болған жаңашылдық – онлайн оқу. Білім алудың бұл форматы мектеп табалдырығын аттап үлгермеген 1-сынып оқушыларына әсіресе қиын тигені анық. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай білім беру саласында 13 жылдық тәжірибесі бар, Нұр-Сұлтан қаласындағы №64 мектеп-лицейінің 1-сынып мұғалімі Әсел Рабатованы әңгімеге тартып, онлайндағы 2020/2021 оқу жылы қалай өткенін сұрап білген еді.

- Әсел Орынбекқызы, алдымен сізді оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын! 1-сынып оқушыларын қашықтан сауаттандыру бұрын-соңды тәжірибеңізде болмаған. Балалар да, сіздер де ерлікке бергісіз еңбек етіп, пандемияға байланысты бұл қиындықты сәтті еңсере алдыңыздар. Жалпы, оқу жылы қалай өтті? Карантиндік шектеулермен білім беруді ұйымдастыруда қиындықтар болды ма?

- Біріншіден, баршаңызды 1 маусым мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Балаларымыз бақытты елдің бақытты ұрпағы болып өсіп-өркендеуіне шын жүректен тілектеспін. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, егер әр балаға дара тұлға ретінде қарайтын болсақ, жарқын келешекке күмән келтірмеймін.

Расымен, коронавирус пандемиясы әркімге де оңайға соққан жоқ. Оның ішінде әсіресе ұстаздар мен мектеп табалдырығын енді ғана аттаған білім алушыларымыз үшін қиын болғанын жасырмаймыз.

2020/2021 оқу жылын әрқайсында 15 баладан аспайтын екі кезекші топ құрып, бір сыныпты бөліп оқытудан бастадық. 1-кезекші топты күтіп алу, оқыту, шығарып салу, 2-кезекші топты қабылдап алудың арасында бір сағат уақыт болатын. Сол уақыттың ішінде бірқатар санитарлық шараны жасап үлгеру қажет еді: сыныптың парталарын, орындықтарын, терезенің алды мен есікті дезинфекциялап сүртіп шығу, барлық сынып еденін тездетіп жуып алу. Еден жуушылар өз жұмысын аяқтаған соң, ауа-тамшы жолымен берілетін инфекцияларды жою үшін 30 минутқа бактерицидті сәулелендіргішті қосамыз. Артынша, оқушылар келгенге дейін сыныпты желдетіп үлгеру керек. 2-кезекші топты шығарып салғаннан кейін де, екінші ауысым балаларына сыныпты дәл солай даярлап кетеміз.

Осылайша, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай профилактикалық жұмыстар үнемі жүргізіліп тұрды. Мұғалімдер арасындағы қарым-қатынас та талапқа сай болды: ара қашықтықты сақтау, бір-бірінің кабинетіне кірмеу және тағы басқасы. Тәжірибе алмасу тек қана онлайн түрде жүргізілгендіктен, мұғалімдер арасында коронавирус жұқтыру жағдайлары болған жоқ.

Мектеп медбикесі Анар Адаспаева індет жайында оқушыларға профилактикалық ағарту жұмыстарын үнемі жүргізді. Үзіліске шығып келгенде қолды қалай тазалау керектігін іс жүзінде көрсетіп, өз қызметін жанашырлықпен атқарды. Бастауыш сыныптар арасында коронавирусқа шалдыққан оқушылар саны өте аз болғанын айта кетейін.

Сонан, 2-кезекші топты шығарып салып, үйге келіп, түскі асты ішер-ішпестен қашықтан оқитын балаларды онлайн оқытуға кірісеміз. Яғни, әр сабақты бір күнде үш рет қайталап өтеміз. Бірақ, қаншалықты қиын болғанымен, жалақы уақытылы, еңбегімізге сай төленіп отырды. Сабақтар аяқталған соң, ата-аналармен күнде хабарласып, балалардың кешікпей келуі, құралының түгел болуы және тағы басқа мәселелер бойынша үнемі кері байланыс жасалып келді. Кей ата-ананың өтініш-тілегін қанағаттандыру мақсатында басшылықпен бірлесіп шешім қабылданып тұрды. Үштік одақ, яғни «оқушы – ата-ана – мұғалім» бірлесе жұмыс жасап, туындаған мәселені шешу жолдарын қарастырдық. Бұған мектеп әкімшілігінің, әсіресе мектеп директоры Бану Әлімжанқызының үлесі зор.

Әрине, өз отбасымызға да уақыт арнауымыз қажет. Әрбір ұстаз өз отбасында аяулы жар, бірнеше баланың анасы. Олардың алдындағы атқаруға тиіс міндеттері бар. Соның арасында күнделікті дәптер тексеру, тапсырмаларды жазу, келесі күннің сабағына көрнекіліктер дайындау және қашықтан оқитын оқушылар үшін слайд жасау сынды жұмыстарымыз болды.

Міне, осылай таңымыз атып, күніміз батып жүргенде мектебіміз алғаш рет карантинге екі жұмаға жабылды. Алғаш рет 25 оқушыны бір мезгілде қашықтан оқытуға тура келді. Бағымызға орай, мектеп басшылығы педагогтар мен оқушылардың жағдайын барынша жасап, қажеттіліктерін қанағаттандырып отырды.

Көптеген оқушы мен ұстаз техникалық құрылғылармен және роутерлермен қамтамасыз етілді. Бұл мәселеде мектеп директорының орынбасары Мұрат Ескендірұлының еңбегі үлкен болды.

Тамыз айынан бастап мектепішілік семинарлар өтіп тұрды. Оқу ісінің меңгерушісі Бахыт Шөпенқызы жетекшілік еткен топ Microsoft Teams, Padlet, Quizlet және өзге де платформалармен жұмыс істеуге үйретіп, ыңғайлысын таңдауға көмектесті.

Тұтастай алғанда, карантин талаптарының жіті сақталуына есік аузындағы қызметкерлерден бастап, әкімшілікке дейін түгел жұмылды. Кіреберісте тұратын күзетші ағай балалардың бір есіктен кіріп, екінші есіктен шығуын, масканың болуын қадағалап тұрса, сол жерде отырған вахтерша апайымыз қандай да бір мәселемен келген ата-ананы қажетті қызметкермен телефон арқылы байланыстырып, артық адамның ғимарат ішінде бей-берекет жүрмеуін қамтамасыз етті. Яғни мектептің әрбір қызметкерінің өз рөлі болды, олардың әрқайсысы індеттің таралмауына сүбелі үлес қосты.

- Интернет жылдамдығының әлсіздігінен, не білім беру платформасындағы қандай да бір себептермен сіздің, оқушылардың сабаққа қосыла алмай қалған кездеріңіз болды ма? Болса, қаншалықты жиі орын алып тұрды?

- Интернеттің нашарлығынан сабақ барысында кедергілер болып тұрғаны рас. Балалар мұғалімнің, мұғалім балалардың дауысын естімей, сабақты басынан қайта түсіндірген кездерім болды. Тіптен, кейде интернет жылдамдығының әлсіздігінен кейбір оқушыны платформадан шығарып жіберетін. Мұндай жағдайда сол оқушыға сабақты жеке қайтадан өткіземін. Қашықтан оқыту барысында ешбір оқушының назардан тыс қалмауын қамтамасыз еттік.

Жалпы, оқушылар мен ұстаздар Microsoft Teams платформасын жыл бойы тегін пайдаланды. Платформаның егжей-тегжейін меңгеріп алғанша қиын болғанымен, ол – өте қолайлы. Мұғалім мен оқушыға қажеттінің барлығы бар. Сабақ өтуге ыңғайлы, үйге тапсырма жүктеуге, ата-анамен кері байланыс жасауға мүмкіндік жасалған, сондай-ақ оқушылар үй жұмысын оп-оңай жүктей алады. Және бұл платформада балалардың үй жұмысын күнделікті орындап, орындамағанын қарап отыруға болатын журналы бар. Әрине, сабақ өткізу үшін басқа да бағдарламалар ұсынылды. Біз Microsoft Teams-ке тоқтадық.

- Интернетте онлайн-оқуға қатысты әзілге толы түрлі видеоларды көруге болады: көршісі пәтеріне жөндеу жұмысын жасап, шулап жатады; экранның әр жағында баланың әкесі не анасы ыңғайсыз киімде жүреді; бала экранды өшіріп қойып, тамақ ішіп, ойнап отырады. Сіздің сабағыңызда осы сияқты жағдайлар болды ма?

- Иә, әлеуметтік желілерде онлайн оқуға қатысты әзілге толы видеолар көптеп шығып кетті. Экранның ар жағында ыңғайсыз киімде жүру сынды оқиғалар менің сыныбымда кездескен жоқ.

Ал, енді экранды өшіріп қойып тамақ ішкен, ойнап отырған жағдайлар бас кезінде орын алғаны рас. Бір оқушының үйінде қорылдаған дауыс, енді бірінің үйінде баланың жылаған дауысын естігеніміз де болды. Мұндай жайттар қашықтан оқу барлығымыз үшін алғаш болғандықтан туындады деп ойлаймын. Оның үстіне, бәрінің үй жағдайы әр баланы жеке бөлмеге отырғызып оқытуға мүмкіндік бермейді.

Сабақ барысында тамақ жеуге және ойнауға болмайтыны, микрофонды өшіріп отыру керектігі туралы оқушымен де, ата-анамен де түсіндірме жұмыстары жүргізілген соң, ондай оқиғалар қайталанған жоқ.

Айта кетейін, мен ата-аналарыммен және оқушыларыммен мақтана аламын. Себебі кезекші топта оқысақ та, қашықтан оқысақ та барлық 25 бала сабаққа түгел қатысатын. Тіпті көптеген оқушыларым 1-сынып болса да, ересек оқушылардай платформаға өздері қосылып, сабақтарын еш көмексіз жалғыз отырып оқитын. Ата-ана балаларына сабақ өту бұрышын ыңғайлы, қолайлы етіп жасап қойған. Сондықтан да болар оқушылар сабағына жауапкершілікпен қарады.

- Қашықтан білім беру шет мемлекеттер практикасында бұрыннан бар. Біздің ел алғаш қолдануға мәжбүр болды. 2020/2021 оқу жылында 1-сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау соғылған жоқ, соңғы қоңырау да ойнамады. Бұл, әсте балалардың есінде қалатын ерекше салтанаттар. Жалпы, онлайн-оқу жөнінде не түйдіңіз? Жаңа оқу жылында осы форматты қолдануға әсіресе, 1-сынып оқушыларына қолдануға кеңес берер ме едіңіз?

- Бас кезінде қашықтан оқыту қиын болғанын жасыра алмаймын. Балалардың бәрі бірдей микрофон қосып алады, шулап кетіп, сабақ түсінбей қалады. Сұрақ қойғанда барлығы бір мезгілде сөйлеп, жауаптары ұғынықсыз болады. Көш жүре түзеледі, кейін барлығы микрофон өшіріп отыруды үйренді. Сұрақты әр балаға жеке қойып, атын атап отырып жауап алуға машықтандық.

Онлайн білім беруде аз да болса тәжірибе жинақтадық, сабақ өтудің тиімді жолдарын үйреніп алдық. Дей тұрғанмен, жеке өз ойым, қашықтан оқуға, әсіресе мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бірінші сынып оқушыларына бұл форматты қолдануға түбегейлі қарсымын. Себебі бұл оқушылар жас ерекшелігіне сәйкес жақын арада даму аймағын қажет етеді. Олардың мектеп қабырғасында білім алуын қарастырған жөн.



- Қазіргі «Z» ұрпағының осыдан 10 жыл бұрынғы балалардан айырмашылығы қандай? Ұстаздар әлеуметтік желі кесірінен балалар көбіне орыстілді келетінін айтып, шағымданады. Солай ма?

- Осыдан он жыл бұрын Қызылорда қаласында мұғалім болып жұмыс істедім. Ол кезде балалар 1-сыныпқа көбіне дайындықсыз келетін. Даярлық сыныптары мен балабақшаның аздығынан болар деп ойлаймын. Аналарының бауырынан бір елі ажырап көрмеген балалар да келетін.

Ал қазіргі таңда балабақша да, оқу орталықтары да әр үйдің жанынан табылады. Сондықтан болар, 10 жыл бұрын мектеп табалдырығын енді аттаған балалар мен қазіргі таңдағы 1-сынып оқушыларының арасында айырмашылық бар.

Мен оңтүстік өңірде білім саласында жүргенде орыстілді балалар, яғни орысша сөйлеп, орысша ойлайтын балалар іс-тәжірибемде кездескен емес. 2016 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында еңбек етемін. Сол уақыттан бастап, орысша ойлап, орысша сөйлейтін балалармен жұмыс жасап келемін. Бұл мәселе расымен, мұғалімге де, балаларға да қиындық әкеледі. Дегенмен, педагог пен ата-ана бірлесіп жұмыс жасаса, балаларды таза қазақша сөйлетуге болады деп ойлаймын. Мұны өз тәжірибемнен білемін. Оқу орталығында жұмыс істеген кезде таза орыстілді баланы оқытып, нәтижеге қол жеткізген едік.

- Сұхбатымыз 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылғандықтан, оқушыларға қатысты осы күнге дейін күліп еске алатын қызықты оқиғаларды айтып берсеңіз.

- Жалпы, тәжірибемде оқушыларыммен байланысты күле еске алатын оқиғалар жетерлік. 2020 жыл. Ұмытпасам, 2 немесе 3 қыркүйек болуы керек. Бірінші сабақтан кейінгі үзілісте бір оқушым жинала бастады. Үндемей қарап отырмын. Арқасына сөмкесін асып, кетуге дайындалды. Ақырын жанына жақындап, сабағымыз әлі аяқталмағанын айттым. Ол: «Анам маған бір сабақ болады, сосын үйге қайтасың деген», - деп ренжіп, партаның астына кіріп кетті. Ашуын басуға, түсіндіруге барынша тырысып бағып жатырмын, бірақ партаның астынан шығар емес. Үзілік аяқталды. Балалар орындарына жайғасты. Келесі сабақты бастап кеттік, түсіндіріп жатырмын. Әлгі оқушым жәймен партаның астынан шығып, орнына жайғасты. Бірақ әлі оқулықтарын шығармады. Сонан, оны қызықтыру мақсатында ойын ұйымдастырдым. Тақтаға ойыншылар шығу керек болды. Балалар қолдарын көтеріп «мен шығамын» деп шулап жатыр. Арасында әлгі оқушым да баяу қолын созып, ойынға қатысқысы келіп отырғанын байқадым.

Балаларды, әлгі оқушымды тақтаға шақырып, ойын өткізіп алдым. Ол ренжіп отырғанын ұмытып кетті. Орнына жайғасып, оқулықтарын шығара бастады. Солай сабақты әрі жалғастырдым. Бірақ не керек, келесі қоңырауда осы оқиға тағы қайталанды. Бұл күнді осылайша бастан өткердік. Сабақ аяқталғаннан кейін оқушының анасымен сөйлесіп, балаға күнде 3-4 сабақ болатынын айтып, түсіндіруді сұрадым. Кейін бұл жағдай қайталанған жоқ. Келесі айдан бастап маған үнемі өз қолымен жүрекше қиып, сыйлайтын болды. Мен де балының жүрегінен орын таба білгеніме қуанып жүрдім.

Тағы бір қызықты оқиға болған, есіме түссе әлі күнге дейін күлкім келеді. Менің сыныбымда Жанерке есімді кішкентай блогер бала бар. Қыс мезгілі. 2-кезекші топтың келуіне дайындалу үшін 1-топтың сабағы аяқталған бойда балаларды 10-15 минут ішінде киіндіріп, далаға алып шығуым керек. Ата-аналар сыртта тосып тұрады. Әрбір бала бір үйдің еркесі, кенжесі, жалғызы емес пе!? Бірі киініп, шешіне алса, біріне өзім көмектесемін. Балалар сапқа тұрғанда таласпас үшін, бірінші киінгені – бірінші, екінші киінгені екінші тұратынын айтып қойғанмын. Содан барлығы саптағы ең беделді орын – бірінші орында болуға тырысады. Бір күні киінуді бір мезгілде аяқтағандар бірінші орын үшін тартысып қалды. Сондықтан «сапта тұрған бірінші бала бәрімізге есік ашып тұрады» деп айтуыма тура келді. Сол уақыттан балалар үшін саптағы ең беделді орын біріншіден екіншіге ауысып, барлығы екінші болып тұруға асығатын.

Бірде жоғарыда айтқан блогер балам екінші орынға үлгеру үшін жылдам киінемін деп, бір шұлығын киюге ұмытып кетіпті. Мектепте қалып қойған. Үйіне келгенде бірақ көрген. Осы жағдайды әңгімелеп, видеоны Instagram-аккаунтына салып қойған. Видеоны кейін кездейсоқ көріп қалып, бір сағатқа дейін күлкімді тыя алмағанмын. Кейде мұндай қызықтарды өзіміз де байқамаймыз.

Әр бала өзінше қылықты әрі тәтті. Бұл, қызықты оқиғаларымыздың бір жұрнағы ғана.

- Әңгімеңізге рахмет! Қажырлы еңбегіңізге сәттілік тілеймін!


Соңғы жаңалықтар