Онлайн санақтан өткендер саны миллионнан асты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Онлайн санақтан өткендердің қатары миллионнан асты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта санақтан өткендер саны бойынша екі мегаполис, яғни Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары алда. Ал Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстары бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында»,- деді Н. Айдапкелов.

Қазіргі уақытта респонденттерге санақтан онлайн режимде өту үшін бірнеше платформа қарастырылған: sanaq.gov.kz сайты, E-Gov порталында тіркелу және Aitu мобильді қосымшасы. Азаматтардың ыңғайлылығы үшін санақ бұрыштары ұйымдастырылды.

«Аумақтық статистика департаменттерінде, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Казпочта филиалдары және ірі сауда орталықтарында санақ бұрышы қарастырылған. Ол жерде респонденттерге санақтан онлайн режимде өтуге біздің консультанттар көмек беруде»,- деп атап өтті бюро басшысы.

Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады.


Соңғы жаңалықтар