Онлайн санаққа қандай қосымша арқылы қатысуға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық санақ кезінде қазақстандықтарға Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі берілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлім етті.

«Санақ екі тәсілмен жүргізіледі: 45 күн бойы sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интернет-сауал салуды жүргізу және электронды планшет пайдаланып интервьюерлер дәстүрлі жаппай сауалнама жүргізеді. Оған қоса Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі беріледі. Бұдан бөлек egov.kz электронды үкімет сайтының басты бетінде sanaq.gov.kz сілтемесі бар. Сол сілтеме бойынша өтіп, онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады», - деді бюро басшысы.

Оның айтуынша, санаққа атсалысқысы келген тұрғындар Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептер мен сауда орталықтарында орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаушылық учаскелерде санақтан өте алады. Онда айтылған деректердің қамтылуын және дұрыстығын тексеру үшін респонденттердің 10%-ын бақылап аралап өту жоспарланып отыр.

«2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда халық санағы басталады, ол 1 қыркүйектен 15 қазан аралығында онлайн режимде және 1-30 қазан аралығында планшеттерде өтеді. Бүгінгі күнде барлық дайындық іс-шаралары өткізілді. Негізгі халық санағын өткізуге дайындық шеңберінде пилоттық халық санағы жүргізілді. Санақтың әдіснамалық құралдары мен НҚА әзірленді және бекітілді. 2021 жылғы 1 маусым мен 30 маусым аралығында тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайларын, сондай-ақ оларда тұратын халықтың нақты санын нақтылау бойынша санақтың далалық жұмыстары жүргізілді», - деген Нұрболат Айдапкелов алдын ала сауалнама жүргізушілер бүгінге дейін 6 миллионнан астам санақ объектісін қамтығанын жеткізді.

«1-кезеңнің қорытындылары бойынша аудандастыру, яғни ел аумағын нұсқаушылық және есеп учаскелеріне бөлу аяқталды. Қазір жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Ұлттық статистика бюросының басшысы.


Соңғы жаңалықтар