Онлайн санақ кезінде жеке бас деректері қалай қорғалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы халық санағының бір кезеңі онлайн өтеді деген ақпаратты естігенде талайдың ойына жеке бас деректерінің қауіпсіздігі түскені анық. «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі Ұлттық статистика бюросының мамандарына ел көкейінде жүрген осы тектес сауалдарды қойған еді. Ресми органның жауабын ықшамдап беріп отырмыз.

Электрондық санақ жүргізу сылтауымен интернет алаяқтыққа бару деректері тіркелді ме? Ондай әрекеттердің жолын кесу үшін қандай шаралар қабылданған?

Ұлттық статиска бюросының ақпараттық жүйесі ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдардың аса маңызды нысандарының тізіміне енгізілген және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» мекемесінің талдауына алынған. Тоқсан сайын жүйенің осал тұстарын анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, санақ қарсаңында ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі сынақтан өткізіліп, ол бойынша оң нәтиже алынған.

Арнайы sanag.gov.kz сайтының қорғанышы ретінде сервер мен қолданушы арасындағы ақпарат алмасу https хаттамасымен қорғалған, әлемдегі ірі сертификаттау орталықтарының бірі - Sectigo SSL-сертификаты алынды.


Халық санағы кезінде мәліметтерді орталық серверге беру екі тәсілмен жүзеге асырылады. Біріншісі – планшеттен онлайн режимде қорғалған желі арқылы (интернетке қосылмай) ұялы байланыс оператарының мәліметтерді пакеттік беруі. Мұндай байланыс түрін интервьюер барлық деңгейде (қалалық, аудандық, ауылдық) оператор қызметінің байланыс аймағында планшетті қолданып, жүргізе алады.

Екінші тәсіл – ұялы байланыс нашар шалғай ауылдарда сауалнама жүргізу кезінде пайдаланылады. Интервьюер үшін санақ жүргізудің орталық серверіне мәліметтерді оффлайн режимінде жергілікті атқарушы органдар (ауылдық округ әкімдіктері) қосылған арнайы желі арқылы беру мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай байланыс түрі қалалық, аудандық, ауылдықәкімдіктерде қолжетімді.

Мәліметтерді барлық аумақтық статистика органдары қосылған бюроның деректер берудің ведомстволық желісі арқылы да жіберуге болады. Жіберілетін барлық файлдар шифрланған.


Интервьер тұрғыннан санақ үшін қандай құжаттарды көруге сұрай алады? Құжаттардың көшірмесін, фотосуретін түсіруге құқығы бар ма?

Санақ жүргізетін интервьюердің мойнында көк түсті «Халық санағы» символикасы бар шарф, көк түсті сөмкесі, планшеті және Интервьюер екенін айшықтайтын бейдж-құжаты болады. Ол құжатта фотосуреті, аты-жөні, тиісті аумақтық статистика бөлімінің мөрі және нөмірі көрсетіледі. Ол нөмірді sanaq.gov.kz сайтындағы «интервьюерді іздеу» жолағына енгізу арқылы тексеруге болады. Сондай-ақ, тұрғын санақ мәліметтерін алушының интверьюер екеніне күмәнданатын болса, 1446 және 8 8000 800 878 бірыңғай байланыс нөміріне хабарласу арқылы тексеру мүмкіндігі қарастырылған.

Құжаттардың көшірмесі мен фотосуреттерін түсіруге құқы жоқ. Интервьюер респонденттің жеке сәйкестендіруші нөмірін тек деректердің анықтығына көз жеткізу үшін қолдануға сұрай алады. Оны арнайы планшетке енгізу арқылы санаққа қатысатын тұлға туралы бастапқы мәліметтерді алады. Айта кетейік, планшетке енгізілетін мәліметтер санақ сауалдарына жауап алу аяқталған соң бірден шифрланып, қорғалған арнайы байланыс каналдары арқылы тікелей Ұлттық статистика бюросының орталық серверіне келіп түседі. Планшеттегі бұл мәліметтерді көшіріп алу немесе біреуге беріп жіберу мүмкіндігі жоқ. Тағы бір ескеретін жайт, ақылы түрде қызметке алынатын интервьюерлер азаматтардың жеке мәліметтерін үшінші тұлғаларға жарияламау туралы келісімге қол қояды. Бұл талапты бұзғандарға заңмен жауапкершілік қарастырылған.

Жоспар бойынша халықтың неше пайызын онлайн санақпен, неше пайызын офлайн санақпен қамту жоспарланып отыр?

Бұл тұрғыда нақты жоспар қойылған жоқ. Ұлттық статистика бюросы онлайн санақты қазіргіпандемия кезінде халыққа берілген баламалы әдіс деп қарастырады. Санақ жүргізу кезінде цифрлық технологиялар алғаш рет қолданылып отырғанын атап өту керек. Еліміздің қанша азаматы онлайн әдісті таңдағаны санақ аяқталған соң ғана айтылады..

ТМД елдерінің арасында мұндай тәжірибе тек Беларусь мемлекетінде пайдаланылды. Бұл елде дебіздегідей екі әдіспен санақ жүргізілді. Нәтижесінде халықтың 22 пайызы онлайн тәсілді пайдаланған.

Ұлттық санақ жүргізу үшін бюджет қаражатына неше көлік және қандай маркалы көліктер сатып алынды немесе сатып алынады? Санақ біткеннен кейін ол көліктер қандай органның меншігіне беріледі?

Жалпы құны 475,4 млн теңгеге 139 дана ВАЗ 21214 Нива маркалы (отандық өндіріс) көліктер аудандық статистика басқармаларының қажетіне сатып алынды. Бұл көліктер өңірлерде санаққа қатысты шараларды (қажетті материалдарды жеткізу, учаскелерді аралау, интервьюер пайдаланатын планшеттерді қажет болған жағдайда ауыстыру және т.б.) жүргізуге пайдаланылмақ. Санақ аяқталған соң көліктер аудандардағы статистика басқармаларының қызметтік мақсаттарына пайдаланылады. Атап өтсек, тұрақты түрде халықты өмір сүру жағдайы мен жұмыспен қамтылу деңгейіне қатысты зерттеулер жүргізіледі, ауыл шаруышылық санағы өткізіледі. Тағы бір ескере кететін жайт, аудандық басқармалардың қолданып жүрген көліктері 10 жылдан астам уақыт жаңартылмаған.

Интервьюерге есік ашудан немесе сауалдарына жауап беруден бас тартқан адамдардың деректері қалай біріздендіріледі? Бұған дейінгі тәжірибе бойынша халықтың неше пайызы санаққа қатысудан бас тартқан еді?

Биылғы санақ екі тәсілмен жүргізілетіні туралы жоғарыда айтылды. Санақ парақтарына онлайн тәсілмен жауап беру қарастырылған. Яғни, әр респондент өзіне ыңғайлы жолды таңдайды. Ол үшін 45 күн уақыт беріледі (1 қыркүйек пен 15 қазан аралығы). Егер осы кезеңде жауап қатпаса, үйіне интервьюер келеді. «Мемлекеттік статистика туралы» заң бойынша, азаматтар статистикалық мақсатта пайдалануға қажетті мәліметтерді беруге міндетті екенін атап өткіміз келеді.

Егер белгілі бір себептермен респондент үйінде болмаған жағдайда интервьюер өзінің телефон нөмірі мен аты-жөнін көрсетіп, хабарлама қалдырып кетеді. Кейін сол үйге тағы бір мәрте барады. Азамат санақшының сауалдарына жауап беруден бас тартса, ондай тұлғалардың тізімін жасап, аудандық, қалалық, облыстық комиссияның қарауына ұсынады.


Соңғы жаңалықтар