Онлайн байланыс арқылы сайлау науқанымен егжей-тегжейлі танысуға болады – Марат Башимов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы жылдың 10 қаңтарында елімізде ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Коронавирус індеті жалпы сайлау науқанына дайындық пен оны өткізу процесіне біршама өзгерістер енгізетіні анық. Осы орайда белгілі қоғам қайраткері Марат Башимовтың пікірін білуді жөн көрдік.

- 2021 жылдың басында өтетін сайлау науқанының ерекшелігі жайында не айтар едіңіз?

- Алдағы сайлаудың ерекшелігіне тоқталсақ, бұл науқан пандемия кезінде өткелі жатыр. Осы орайда заңнама аясында азаматтардың құқықтары қорғалуы керек. Сайлауды заңды өткізу бағытында әрбір адамның саяси тұрғыда құқы бар. Бұл бағытта тиісті жағдай жасалып жатыр деп айтуға болады. Біріншіден, ел азаматтарының денсаулығын қорғау бойынша тиісті шаралар қабылдануда, яғни дауыс берумен қатар, тұрғындардың денсаулығына қатер төндірмес үшін сақтық шаралары ескерілен.

Коронавирусқа қатысты, карантиндік режимге қатысты ел халқының психологиясы өзгерді деп айтуға болады. Адамдар үйде отыруға үйреніп алды. Осы орайда тұрғындардың саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларын тыңғылықты зерттеп, саралауға мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, бағдарламаны бұрынғыдай тез шолып, қарай салмайды деп ойлаймын. Партиялар ел үшін, қоғамға қатысты нақты қандай тиімді қадамдарды жүзеге асыратынын адамдар егжей-тегжейлі қарайтын болады.

- Қазір сайлауға дайындық жұмыстарына қандай баға бересіз?

- Қазір еліміздің өңірлерінде елді мекен тұрғындарының өзінің сайлау учаскесі туралы қалай мәлімет алатыны түсіндіріліп жатыр. Онлайн режимде сайлау учаскесінің нөмірін, орталықтың орналасқан жері мен атауын алуға болады. Таратылған мәліметтерге қарағанда, еліміздің барлық өңірлерінде сайлаушылардың тізімін әзірлеуге жауапты жергілікті әкімдіктер ресми сайттарына арнайы баннер орналастырып, Call-орталықтар, Telegram-боттар жасақтап қойған. Осының барлығы сайлаушылар үшін қолайлы жағдай жасалып отырғандығын білдіреді.

- Партиялардың бағдарламасымен, ұсыныстарымен танысып шықтыңыз ба?

- Қазір партиялар тіркелеп, съездерін өткізді. Осы науқанның барлығын интернет арқылы көріп отырмыз. Ғаламтор арқылы қазір партиялардың шешімдеріне байланысты көп ақпарат тарап үлгерді. Олардың барлығы съездерін онлайн режимде өткізді. Осы тұрғыда алдағы сайлау бұған дейінгілеріне қараған өзгешелеу болып тұрғанын байқауға болады. Партиялардың сайлауалды бағдарламаларын шолып шықтым. Олардың барлығы әлеуметтік-экономикалық жағдайға екпін қойып отыр. Алдағы уақытта коронавирустан шығып, экономиканың дамуын қамтамасыз етуіне айрықша назар аударылған. Қазіргі кезде барша әлемді осы проблемалар мазалап тұрғаны анық. Сарапшылар партиялардың белсенділік деңгейі едәуір жоғарылағанын тілге тиек етуде.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі - ол алдағы сайлау аясында Парламентке келетін жастар мен әйелдің саны көп болуы. Жақында Мәжіліс депутаттығына үміткерлер бойынша партиялар жариялаған тізімде жаңа толқынды, жаңа мамандарды байқауға болады. Жаңа өзгерістерге сәйкес, Парламентте әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота берілді. Бұл елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді қатысуға ықпал етеді. Атап айтқанда, тың өзгерістер болған да жақсы. Өйткені бұл азаматтар түрлі саланың дамуына өз үлесін қоса алады деген үміттемін.

- Сайлау кезінде індет салдарынан байқаушылар саны азаюы мүмкін бе?

- Сайлау науқанында байқаушылардың рөлі ерекше жоғары. Коронавирус бұл бағытта да өзінің ықпалын тигізеді ден санаймын. Дегенмен Мәжіліс сайлауында байқаушылар саны едәуір артатын сияқты. Осы орайда дауыс беру процесі егжей-тегжейлі назарда болады. Жалпы, үкіметтік емес ұйымдардың байқаушылары тіркеуден өтіп, учаскелер бойынша жұмыс істейді. Олардың дауыс беру процесіне қатысуы ашықтықты қамтамасыз етеді. Сондықтан қоғам сайлау нәтижесіне сенім білдіруі үшін жағдай жасайлады деген ойдамын.


Соңғы жаңалықтар