Онлайн бақылау-касса машиналарының мобильдік қосымшалары жасалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда онлайн бақылау-касса машиналарын барлық жерде пайдаланудың мерзімі 2020 жылға белгіленді. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Онлайн бақылау-касса машиналарын қолдану - импорттан (өндірістен) тұтынушыға сатқанға дейін тауарларды қадағалау жүйесінің соңғы сатысы болып отыр. Бүгінгі күні қолданылатын фискалдық жадысы бар бақылау-касса машиналары Қазақстанда 1995 жылдан бастап пайдаланылуда. Технологиялардың дамуын ескерсек, олар техникалық түрде ескірді. Жаңа технологияларды енгізу, оның ішінде онлайн бақылау-касса машиналарын қолдануға көшу -Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің салық әкімшіліктерін цифрландырудың ажырамас бөлігі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе онлайн бақылау-касса машиналарын жаппай қолдану мерзімін 2024 жылдан 2020 жылға ауыстыру бойынша шешім қабылданды», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, фискалдық деректер операторының функциялары бәсекелестік ортаға берілетін болады. Бүгінде «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы ғана оператор болып отыр.

Сонымен қатар, смартфондағы мобильді онлайн бақылау-касса машиналарын дамыту жоспарлануда. Бұл тұрғыда смартфондағы қосымшалар ескеріледі.

«Онлайн бақылау-касса машинасын енгізу өз тиімділігін көрсетті. Астанада қанатқақты қадам ретінде 1700 кәсіпкерлік субъектісі іріктелді. Олар күніне бір ғана чек шығарып, күн сайын бірқалыпты табысты көрсететін. Онлайн бақылау-касса машина ақпараттарының негізінде олардың ресми түсімдері 3 есе артты (68 млн теңгеден 171 млн теңгеге дейін). Бюджетке осы бастаманың арқасында тек былтырғы екінші жартыжылдықта қосымша 1 млрд теңге жуық қаржы түсті», - деді Әлихан Смайылов.

Соңғы жаңалықтар