Онлайн аукциондар жерге меншік құқығын бере алмайды – Энергетика вице-министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика министрлігі өткізіп жүрген жер қойнауын барлау және пайдалану құқығын беретін онлайн аукциондар жеңімпазға жерге түбегейлі иелік ету құқығын бермейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында вице-министр Жанат Жахметова осындай мәлімет айтты.

«Міндетті түрде айта кететін жайт, аукцион арқылы жерге меншік құқығы емес, жер қойнауын пайдалану құқығы берілетінін атап өту маңызды. Бұл құқық «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» Кодексінде реттеледі. Учаскелердегі кез келген технологиялық процестер Энергетика министрлігі жанындағы Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияда қаралады. Жер қойнауын пайдалану құқығын алған инвестор жергілікті атқарушы органмен жерді жалдау туралы шартқа қол қояды», - деген ведомство өкілі аукцион жеңімпаздары жобалау құжатын әзірлеу алдында жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізуге міндетті екенін ескертті.

Осы шарада ол сәуір айында өткен онлайн аукционда мұнай кеніштері бастапқы бағасынан 13 есе қымбатқа сатылғанын айтты.

Вице-министрдің айтуынша, кен орындарын онлайн аукционда сату тәртібіне өзгерістер енгізілуі мүмкін.


Соңғы жаңалықтар