Өңірлік стандарттар жүйесіне өзгеріс енгізілді - Әлібек Қуантыров

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өңірлік стандарттар жүйесін өзгеріс енгізіліп, жаңа редакцияда нысандар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі айтарлықтай кеңейтілді. Бұл туралы Мәжілісте елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесі туралы Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық экономика министрлігі түрлі елді мекендер үшін Өңірлік стандарттар жүйесін (ӨСЖ) әзірледі. Жүйе халыққа қажет нысандар мен көрсетілетін қызметтердің нақты тізбесін қамтиды. Аталған жүйе әр елді мекеннің минималды тұрмыс стандарттарын айқындайды. Мемлекеттік органдар бұл жүйені өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлау кезінде пайдаланады. Бұл ретте Министрлік өңірлердің минималды стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан жыл сайын мониторинг жүргізіп, бақылайды», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, өңірлік стандарттар жүйесі аумақтық даму саласындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі құжаттарымен интеграцияланған.

«Мәселен, 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарында және Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында еліміздің өңірлерінің дамуы мен ауылдық аумақтарына қатысты ӨСЖ тәсілдері ескерілген. Сонымен қатар, әзірленіп жатқан жаңа Бюджет кодексі аясында ӨСЖ ережелерін жалпы сипаттағы трансферттерді (ЖСТ), мемлекеттік органдар мен облыстардың инвестициялық жоспарларын қалыптастыру бөлігінде бюджеттік жоспарлаумен байланыстыру қарастырылған. Бұл ретте республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде ӨСЖ параметрлерін қолданып жүргенімізді атап өткім келеді», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, 2021 жылғы жағдай бойынша өңірлер бөлінісінде барлық елді мекендер бойынша нысандармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда 9,3 пайыздық тармаққа ұлғайып, 64,1%-ды құрады.

«Сонымен бірге, өңірлер әкімдіктерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарын, сондай-ақ былтырғы парламенттік тыңдаулардың қорытындылары бойынша Министрлік 2022 жылы Өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс істеді. Осы орайда биылғы қаңтарда ӨСЖ-ге тиісті өзгеріс мен толықтыру енгізіліп, ӨСЖ көрсеткіштерін есептеуді бағалаудың жаңа Әдістемесінің жобасы әзірленді. ӨСЖ-нің жаңа редакциясы аясында нысандар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі айтарлықтай кеңейтілді, сондай-ақ елді мекендердің қосымша классификациясы жүргізілді. Бұдан басқа, ӨСЖ көрсеткіштерін есептеудің жаңа әдістемесіне нысандар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын сипаттайтын көрсеткіштер қосылды. Яғни, енді нысанның техникалық сипаттамалары және материалдық-техникалық базамен жарақтандырылу деңгейі де ескеріледі», - деді ведомство басшысы.

Атап айтқанда, бұрын қолданылған ӨСЖ әдістемесінде жұмыс істеп тұрған нысанның бар-жоғы ғана бағаланып келді.

«Мәселен, Ақмола облысының Зеренді ауылында үш мектеп бар, бұрынғы ӨСЖ бойынша қамтамасыз етілуі 100% деп есептелген еді. Қазіргі кезде Зеренді ауылында 3 мектептің 2-і күрделі жөндеуді қажет етеді, сондай-ақ тағы 1 мектепті салу керек. Бұл тұрғыда сапа бойынша көрсеткіштерді ескере отырып, жаңа ӨСЖ әдістемесі бойынша Зеренді ауылының қамтамасыз етілу деңгейі 81%-ға дейін төмендеді. Жаңа ӨСЖ әлеуметтік, инженерлік-көліктік, экологиялық және тұрмыстық салаларында 12 бағыт бойынша құрылымдалды. Елді мекендер республикалық және облыстық, сонымен қатар аудандық маңызы бар қалалар және аудан орталықтары, ауылдық округтердің орталықтары, тірек ауылдық елді мекендер және басқа да ауылдық елді мекендер сияқты 5 санат бойынша топтастырылған», - деді Ә. Қуантыров.


Соңғы жаңалықтар