Өңірлік басқару тиімді болса, мемлекет дамиды - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүкіндігін кеңейту қажет. Бұл туралы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының Алматыдағы өкілдігінің төрағасы Әсел Әбен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның жаңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Үкіметке жүктелетін 10 негізгі бағытты атады. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сарабдал саясатын жалғастыра отырып, қоғамда әділдік орнату, арқылы экономикалық-әлеуметтік дамуға қол жеткізу басты ұстаным болмақ. Аталған 10 бағыттың әрқайсысы кешенді міндеттерді жүктейді. Кейбір бағыттарды санадан қайта өткізіп, нақты нәтиже үшін жұмыс істеуге күш салу қажеттігі айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың кірісін көбейту, жемқорлықты ауыздықтау елді жұмыспен қамту, адам капиталын дамыту сияқты өзекті проблемалармен қатар өңірлерді дамытуға көп көңіл бөлу керектігін айтты. Дұрыс айтылған ой. Тиімді өңірлік саясат - мемлекет дамуының маңызды тетігі», - деді Әсел Әбен.

Оның айтуынша, Қазақстан өңірлерінің даму деңгейі әркелкі.

«Халқының әлеуметтік құрылымы да, экономикасының мамандануы да бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан, бүгінгі күннің маңызды талаптарының бірі - өңірлердің теңгерімді дамуы. Өңірлер қазір жаһандану, бәсекелестік, ынтымақтасу сияқты бірнеше сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Елдік ауқымда алсақ, аталмыш факторлар өңірдің нарық мүмкіндігі мен аумақтық айырмашылығын, еңбек бөлінісі мен өмір сапасын айқындайды. Мемлекеттік өңірлерді дамыту саясаты осының бәрін ескеруі қажет», - дейді сарапшы.

Әсел Әбен кейбір нақты проблеламалар өңірлік деңгейде шешілу керектігін де айтты.

«Бұл туралы Мемлекет басшысы да айтты. Жергілікті өзін-өзі басқаруға басымдық берудің жан-жақты негізі бар. «Қазақстан-2050», «100 нақты қадам» стратегияларында мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру, өзін-өзі басқаруды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып белгіленген», - дейді стартегиялық зерттеулер институтының сарапшысы.

Әсел Әбен жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді болуына қауіпсіздік, бақуаттылық, халық сұранысының қанағаттандырылуы сияқты маңызды дүниелердің тәуелді екенін айтады.

«Жергілікті атқарушы органдар ондағы мәслелермен етене жақын таныс. Ал оны шешу жолдары тиімді болуы үшін жергілікті органның әлеуеті артуы тиіс. Ондай органдардың қаржылық және өзге де мүмкіндіктерін кеңейту керек. Соңғы жылдары Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруға көңіл бөлініп келеді. Былтырдан бері 1066 елді мекен өз бюджетін халықпен келісе отырып жұмсауға қол жеткізді. 2020 жылға қарай елдегі барлық ауылдардың өз бюджеті болады деген жоспар бар. Яғни, келесі қадам өзін-өзі басқару органдарының қызмет аясы мен өкілеттігін кеңейтуге, сәйкесінше жауапкершіліктің күшеюіне бағытталуы керек», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар