Өңірлердің жылу беру маусымына дайындығы тексерілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өңірлердің жылу беру маусымына дайындығы тексеріліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдағы 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына сапалы және уақтылы дайындалу мақсатында министрлік жұмыс жоспарын бекітті. Оған сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының 100 пайыздық дайындығын қамтамасыз етуі және 2021 жылғы 15 қазанға дейін барлық коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала нысандарын, тұрғын үйлерді дайындауды аяқтауы және барлық дербес жылу көздерін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі қажет болды. Осы жылдың 6 қыркүйегінен бастап Президент Әкімшілігімен бірлесіп, өңірлердің алдағы жылу беру маусымына дайындығын тексеру жүргізіліп жатыр», - деді министр.

Оның дерегінше, ағымдағы кезеңде білім беру нысандарының дайындығы 99 пайыз.

«Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдіктері білім беру нысандарындағы жұмыстарды аяқтау бойынша шұғыл іс-шаралар қабылдауы қажет»,- деді ол.

Министр бүгінгі күні денсаулық сақтау нысандарының дайындығы 99 пайызға жеткенін айтты.

«Алматы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдіктері нысандардың жылу беру маусымына дайындығы бойынша жұмысты аяқтау қажет», - деді Бейбіт Атамқұлов.



Соңғы жаңалықтар