Өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес арнайы әлеуметтік карта құру ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында әр өңірде арнайы әлеуметтік карта құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықтың әл-ауқатын жақсарту - біздің мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты. Жыл сайын 365 млрд теңге аз қамтылған азаматтарды қолдауға бөлінуде. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел азаматтарының табысы мен өмір сапасын жақсарту жөніндегі ұсыныстарды даярлау тұрғысында Үкіметтің жұмыс тобы құрылды. Бұл ретте көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту бағыты да ескерілген.

Құрылған жұмыс тобында әр өңірде арнайы әлеуметтік карта қалыптастыру қажеттігін алға тартамыз. Осы орайда мемлекеттің мақсатты қолдауына мұқтаж азаматтардың санаттарын нақты көрсету арқылы облыс, аудан және ауыл тұрғысында олардың ерешеліктері ескерілуі тиіс», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол Парламент депутаттарының аталған жұмыс тобына белсенді қатысуға, халықпен кездесу барысында айтылған ұсыныстарды енгізуге дайын екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар