Өңірлерді газдандыру жұмысына қосымша 50,1 млрд теңге бөлінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл ел өңірлерін газдандыру жұмысына 95 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалуы керек. Оның 50,1 млрд теңгесі бюджетті нақтылау аясында қосымша бөлініп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов осындай мәлімет айтты.

«Бүгінгі таңда ішкі газ тұтынудың күрт өсуіне және елді одан әрі үздіксіз газдандыру үшін газ тасымалдау жүйесін жаңғырту қажеттілігіне байланысты бүгінгі таңда министрлік «ҚазақГазбен» бірлесіп газдандырудың бас схемасын жаңартып жатыр және ол аяқталу сатысында.

«Аманат» партиясының Жол картасы аясында министрлікке 2 тармақ бекітілген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 68 мың адамды газбен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Жыл соңында 165,9 мың адам газға қол жеткізді.

Жалпы, 2021 жылға арналған газдандырудың жоспарлық көрсеткіші 53,71% болса, нақты деңгей 57,67%-ды құрады», - деді Болат Ақшолақов.

Оның айтуына қарағанда, 2025 жылға дейін бюджет есебінен 246 ауылды газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Әзірге, сол жоспар аясында 187 елді мекенді газдандыруға қаражат бөлінген.

«Биыл елді газдандыруға республикалық бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша 50,1 млрд теңге қолдау тапты. Нәтижесінде, 133 жобаны іске асыруға 96 млрд теңге қарастырылған. Бұл 146 мың адамды немесе 93 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша газдандырудың жоспарланған деңгейі 58,43%-ды құрауы керек», - деді министр.

Бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі Ресейден газ тарту үшін шекаралас облыстардың қажеттіліктерін зерттеп жатқандарын хабарлаған еді.


Соңғы жаңалықтар