Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы әзірленеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы әзірленеді. Бұл туралы Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындау мәселелері қаралған ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Т.Сүлейменов атап өткендей, қазіргі уақытта Министрлік Экономикалық зерттеулер институтымен, сондай-ақ белгілі ғалымдар тобымен бірлесіп, әлемдік тәжірибені зерделей отырып, еліміздің аумақтық-кеңістіктік ұйымдастырылуын жетілдіру жөнінде талдамалық зерттеу жүргізіп жатыр.

Аталған зерттеу еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының жаңа болжамды схемасын әзірлеуге негіз болмақ. Ол 2019 жылғы 1 қыркүйекке дейін Президент Әкімшілігінің қарауына жіберілетін болады. Болжамды схеманы сапалы іске асыру үшін 2019 жылғы 1 қарашаға дейін Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы әзірленетін болады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, жергілікті инфрақұрылымды дамыту басымдық болмақ: энергиямен жабдықтау, сумен жабдықтау және су тарту, жергілікті жолдар. 2018 жылы республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 332 млрд теңге бөлінді. Өңірлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау - 100% ауылдардағы орталықтандырылған сумен жабдықтау - 80 пайызды құрайтын болады.

Аумақтық дамудың жаңа тәсілдері қалалар мен шалғай аудандардағы өмір сүру сапасын арттырады, сондай-ақ өңірлік экономиканың дамуын ынталандырады.

Соңғы жаңалықтар