Өңірлерді ауыз сумен жабдықтауға субсидия бөлудің талаптары жеңілдетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді. Оның негізгі мақсаты - халықты ауызсумен қамтамасыз ету үшін субсидияларды бөлу және өңірлердің уақытылы алуына қол жеткізу.

«Бүгінгі күні халықты ауызсумен жабдықтау қызметтерінің құнын төмендету мақсатында заңнамамен баламасыз көздерден ауызсуды субсидиялау көзделген. Мемлекет ауызсудың құнын субсидиялау бөлігінде халыққа кепілдендірілген қолдау көрсетуде.

Уәкілетті органның мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқының 87%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылды. Орталықтандырылған ауызсумен қамтылған ауылдық елді мекендердің саны – 4078, солардың ішінде 42%-ы субсидияға қол жеткізген. Қолданыстағы заңнамаға жасалған талдау сумен жабдықтау объектілерін уәкілетті орган бекітетін тізбеге енгізу процесі көптеген ведомствоаралық келісулерді талап ететінін көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, аталған келісулер 1-2 жылға дейін созылып кетуі осының дәлелі», - деді сенатор Нариман Төреғалиев.

Осыған байланысты, заң жобасымен ауызсуды субсидиялау үшін тізбені бекіту кезінде өкілеттіктердің аражігін нақты ажырату ұсынылып отыр.

Біріншіден, ауызсумен жабдықтаудың жергілікті жүйелері жергілікті атқарушы органдар деңгейіне берілетін болады, ал топтық жүйелер бұрынғыдай уәкілетті органның қарауында қалады.

Екіншіден, жергілікті өкілді органдардың өзіне өңірдің сумен жабдықтау бойынша көрсетілетін қызметтердің тарифтеріне байланысты ауыз судың 1 текше метрі үшін төлем мөлшерін бекітуге өкілеттілік беріледі.

«Мысалы, мәслихат республика бойынша ең төменгі тарифтен төмен емес және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, орташа облыстық деңгейден жоғары емес төлемдер мөлшерін бекіте алады. Жалпы алғанда, осы заң жобасының нормалары жергілікті атқарушы органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға, халықты ауызсумен қамтамасыз ету үшін өңірлердің субсидияны уақытылы алуына ықпал ететін болады», - деді депутат.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету еліміздің алдында тұрған басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Депутаттар бастамашылық жасаған осы заң ауылдық жерлерді сумен жабдықтау мәселелерін шешу жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз. Ұсынылып отырған нормалар өңірлерді дамытуға және жергілікті атқарушы органдардың жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететіні айқын», - деп атап өтті М. Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар