Өңірлердегі тұрғындар Назарбаевтың аты берілген көшелердің атауын өзгертуді көтеріп жатыр – депутат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өңірлерде Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген үлкен даңғылдардың атауын өзгерту мәселесін жергілікті деңгейде шешу керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз өңірлерге барғанда, тұрғындар бұл бағытта мәселе көтеріп жатады. Себебі, әр облыста Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген үлкен даңғылдар бар. Менің ойымша, бұл мәселені жергілікті деңгейде шешу керек. Көшенің атын ауыстыру үшін мәслихат шешім қабылдауы тиіс. Жалпы, тұрғындар бұл мәселеге қатысты өздерінің ұсыныстарын айтып жатыр», - деді Е.Саиров Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол Парламенттің Елбасы туралы құжаттың күшін жоюға бағытталған Конституциялық заңды қабылдауы қоғам талабы бойынша іске асырылғанын айтты.

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Аталған заң жобасы жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленді.

Е. Саировтың сөзіне қарағанда, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевта бұрынғы басымдықтары болмайды.


Соңғы жаңалықтар