Өңірлердегі дизель бағасы әртүрлі - Әсет Мағауов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика вице-министрі дизель бағасы Әсет Мағауов өңірлерде оның тасымал шығынына байланысты әр түрлі болып белгіленгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мұнай өңдеу зауыттарымен келісім бойынша дизельдің тоннасына 212 мың теңге, литріне 176 теңге баға белгіледік. Оған өңірлерге жеткізу және мұнай базаларында сақтау шығындарын қосуға болады. Операторлар шаруаларға жеңілтеділген бағамен жанармай жеткізу үшін қаржы тартып, шығындалып жатады. Соған байланысты өңірлерде баға құбылуы мүмкін. Мұнай өңдеу зауыттарына жақын өңірлерде баға арзандау болса, алыстаған сайын баға өсе түседі. Бірақ қайткенде де ол баға жанармай құю стансаларындағы бөлшек сауда бағасынан арзан. Орталық және оңтүстік өңірлерде жанармай құю стансаларына литріне 260 теңге деген баға белгіленген. Ал солтүстік және шекарадағы өңірлерде 260 тңге болып белгіленген. Қазір солтүстік аймақтарда дизельдің бағасы литріне 250 теңгеден айналады», - деді Әсет Мағауов.

Оның айтуына қарағанда, осы белгіленген бағаны өсірген жанармай стансалары жауапқа тартылуы мүмкін.

«Егер жанармай құю стансаларында шекті бағаны сақтамау фактісі белгілі болса, Бәсекелетстік қорғау және дамыту агенттігінің тарапынан тиісті тексеру жүргізіліп, ұйғарым толтырылады», - деді вице-министр.

Бұған дейін көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне арзандатылған бағамен 400 мың дизель отыны бөлінгені айтылған болатын.


Соңғы жаңалықтар