Өңірлерде өрт туралы хабарлайтын құрылғылар қалай орнатылып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өрт пен көмірқышқыл газы секілді қауіпті факторларды анықтау құралдары Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында белсенді түрде орнатылып жатыр. Алайда, бұл бағыттағы жұмыс Түркістан мен Жамбыл облыстарында мүлде жүргізілмей қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көп балалы және аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер мен мүгедектер тұратын тұрғын үйлерде автономды өрт дабылдары, улы газ датчиктері мен табиғи газ сигнализаторларын орнату жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері 2 434 датчик сатып алынды. Оның ішінде 1 501 әкімдіктер есебінен, 933-і жеке компаниялардың есебінен алынған», - дейді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының айтуына қарағанда, қауіпті факторларды анықтау құралдары Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында белсенді түрде орнатылуда.

«Газдандырылған Алматы және Атырау облыстарында барлық типтегі датчиктерді сатып алу жағдайлары бірлі-жарымды (14 және 10) кездесті. Ал Жамбыл және Түркістан облыстарында бұл жұмыс мүлде жүргізілген жоқ. Мен бүгін ғана аталған облыстардың департамент басшыларымен сөйлестім. Олар әкімдіктермен бұл жұмысты жүргізіп жатыр. Бұл туралы облыс әкімдеріне хабар берілді. Реакция бар. Жұмыс аталмыш облыстарда қолға алынады деген ойдамын», - дейді Владимир Беккер.

Еске сала кетсек, бұған дейін Владимир Беккер тұрғын үй секторларында жүргізіліп жатқан өрттің алдын алу жұмыстары туралы айтып берген болатын.

«Рейд барысында тұрғындарға нұсқаулық жүргізіледі. Пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары, авариялық жағдайдағы ақауы бар электр құралдарын пайдалануға жол бермеу, халықтың отты абайсыз пайдаланбауы туралы жадынамалар мен нұсқаулықтар таратылады. Өкінішке қарай, 31 мың үйдің иесі тексеру жүргізуден бас тартты. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша халықтың әлеуметтік топтарына жататын үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу жағдайлары туралы көмек көрсету үшін жергілікті атқарушы органдарына, әлеуметтік қорғау және білім беру басқармаларына хабардар етілді», - дейді В.Беккер.

Соңғы жаңалықтар