Өңірлерде инвесторларға арналған фронт-кеңселер ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өңірлерде инвесторлар үшін фронт-кеңселер ашылатын болады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізінде мемлекетте үй деңгейлі экожүйе құрылған. Сыртқы байланыста біздің шетелде отырған елшіліктеріміз, консулдықтарымыз, орталық деңгейде СІМ және басқа меморгандар, сондай-ақ ел ішінде әкімдіктер, өңірлік мекемелер жұмыс істейді. Орталық деңгейде АХҚО мүмкіндіктерін пайдаланып отырмыз. Ал алдаы уақытта өңірлік деңгейде де осындай фронт-кеңселерді құру қажет болып отыр. Әр әкімдікте бұрыннан бері инвесторларға қызмет көрсету орталықтары болатын. Бірақ, бұл орталықтар кеңесші ретінде жұмыс істейтін. Ал біз инвестициялық жобаларды іске асыратын болсақ, ол жұмыстар жергілікті деңгейде атқарылатынын ескеру керек», - дейді Е.Көшербаев Үкіметтің баспасөз орталығында.

Министр орынбасарының айтуына қарағанда, өңірлердегі фронт-кеңселерге барған кезде инвесторлар өзін қызықтырған барлық сұрақтарға жауап алып, өзекті мәселелерін шеше алады.

«Инвесторлар өзінің мәселелерін сол мекемелермен бірге шешпек. Инвесторларға жауапты мекемелердің бәрін аралау үшін уақыт қажет. Сондықтан, облыс әкімдерімен, инвесторлармен ақылдасып, осындай шешімге келдік», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде Премьер-Министр Асқар Маминның төрағалығымен елімізде инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылғанын хабарлаған едік.

Өз кезегінде Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов жаңадан құрылған кеңеске қандай өкілеттіктер берілетінін хабарлаған еді.

Соңғы жаңалықтар