Өңірлерде газ техникалық инспекциялары  тиісті деңгейде жұмыс істемейді – ТЖМ
2021 жылғы 29 қараша 15:48

Өңірлерде газ техникалық инспекциялары  тиісті деңгейде жұмыс істемейді – ТЖМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өңірлерде газ техникалық инспекциялары бақылау функцияларын тиісті деңгейде орындамай отыр. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пішембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қайғылы оқиғалардың басты себептерінің бірі – заңнамада көзделген жергілікті атқарушы органдардың газ техникалық инспекцияларының бақылау функцияларын тиісті деңгейде орындамауы болып отыр. Бүгінде әкімдіктер мен Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктерін қоспағанда, жергілікті атқарушы органдар газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік бақылауды жеткіліксіз деңгейде жүргізуде, Кәсіпкерлік кодексте көзделген тексеру іс-шаралары жоспарланбайды және жүргізілмейді», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, бірқатар әкімдіктер (Ақмола, Алматы, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) газ және газбен жабдықтау саласында мемлекеттік бақылау кезінде ұйымдастырушылық мәселелер болғанын, штат жетіспеушілігін және қосымша білім беру мүмкіндігі мен техникалық бейіндік білімі бар мамандардың болмауын атап өткен.

«Сондай-ақ, жергілікті органдарда аудандық әкімдіктер деңгейінде газ және газбен жабдықтау саласында мемлекеттік бақылау жүргізетін тиісті бөлімшелер құрылмаған», - деді М. Пішембаев.

Бұған дейін вице-министр Қазақстанда газ баллоны жарылысынан қанша адам қаза тапқанын айтқан еді. Сондай-ақ, халықтың көпшілігі газ баллондарын жақын маңдағы жанармай құю бекетінен заңсыз толтырады.


Jańalyqtar

MURAǴAT