Өңірлерде дәрігерлер тапшылығын шешуге қатысты ұсыныстар айтылды - Парламент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Гүлдара Нұрымова еліміздің қай өңірлерінде дәрігерлер тапшы екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауының басты бағыттарының бірі денсаулық сақтау жүйесін, атап айтқанда, сапалы және қолжетімді медицинаны дамыту болып табылады. Әсіресе, пандемиядан кейін, денсаулық сақтау саласын жетілдірудің маңыздылығы артып отыр. Соның бірі - дәрігерлердің жетіспеушілігі. Бұл халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасына тікелей әсер етеді. Ресми мәліметтерге сәйкес, денсаулық сақтау жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің саны 253 883 адамды құраса, оның 74 046-сы дәрігерлер, 180 мыңға жуығы орта медициналық қызметкерлер», - деді депутат Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, 2021 жылғы 1 қаңтардағы деректер бойынша медицина саласында кадр тапшылығы 4 662 дәрігерді құрады.

«Өңірлер бойынша кадрлардың аса жетіспеушілігі Қарағанды, Алматы, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, сондай-ақ Жамбыл, Атырау, Түркістан облыстарында байқалды.

«Дәрігерлердің тапшылығы оқу мерзімінің ұзартылуына, қалалар мен моноқалаларда жас мамандарды қолдау механизмінің жоқтығына байланысты, әсіресе, медициналық жоғары оқу орындары жоқ өңірлерде сезіліп отыр», - деді Гүлдара Нұрымова.

«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы Жол картасының орындалуына сәйкес, медициналық жоғары оқу орындарына гранттар санын тиісінше 2021 жылғы 4685-тен 2025 жылы 5185-ке дейін ұлғайту көзделіп отыр. Гранттар санын жоспарлы ұлғайту еліміздегі медицина кадрларының санын арттырып қана қоймай, медицина мекемелерінің мамандарға деген қажеттілігін қамтиды», - деді депутат.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде ол бірқатар келесі мәселелерді қарастыруды сұрайды:

1. «2020-2025 жылдарға арналған өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына» толықтырулар енгізу арқылы моноқалалардағы жас мамандарды ауылдардағы жас мамандармен теңдей әлеуметтік көмекпен және тұрғын үймен қамтамасыз ету.

2. Медициналық кадрлар жетіспейтін аймақтардан келген абитуриенттер үшін медициналық білім беру мекемелерінде оқуға арналған гранттар санын ұлғайту бойынша квоталарды әзірлеу.

3. Дәрігерлердің тапшылығын ескере отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тарапынан медициналық ЖОО-ларға гранттар санын көбейту.

4. Жас мамандарды бөлу жөніндегі комиссия өңірлердің кадрларға қажеттілігін ескеруі керек.


Соңғы жаңалықтар