Өңірлерде әкімдердің халықпен кездесуі кезінде 29 мыңнан астам ұсыныс пен мәселе көтерілді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров әкімдер бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 594 мың адамның қатысуымен халықпен 8,5 мыңға жуық кездесу өткізгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы биыл 3 наурызда барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерінің жаңа форматын бекітті. Әкімдіктер мәслихаттармен келісе отырып, 2022 жылға арналған кездесулердің икемді күнтізбелерін бекітті. Онда барлық деңгейдегі әкімдер бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 594 мың адамның қатысуымен халықпен 8,5 мыңға жуық кездесу өткізді. Тұрғындар тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым, абаттандыру, жер, экология, жолдарды реконструкциялау, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу мен тұрғын үй мәселелері және басқа да тақырыптар бойынша 29,2 мыңнан астам ұсыныс пен мәселе көтерді», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдармен кездесулердің қорытындысы бойынша 12,6 мың мәселе шешілді, әкімдіктердің бақылауындағы қалған сұрақтарды шешу үшін 515 млрд теңге қажет. Өңірлер бюджеттерді түзету аясында 149,2 млрд теңге немесе қажет қаражаттың 29 пайызы қарастырған.

«Өңірлер бөлінісінде 6 өңірде жергілікті бюджет қаражатымен қамтамасыз ету деңгейі орта республикалық деңгейден аз. Ең төмен көрсеткіш Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында. Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешуді қажет ететін мәселелердің тізбесі қалыптастырылды. Бұл тізім 140 мәселеден тұрады», - деді ведомство басшысы.

Сұрақтардың басым бөлігі республикалық бюджеттен қаржы бөлу қажеттілігіне қатысты болып тұр.

Осы орайда өңірлерде 18 мәселе бойынша қажетті құжаттама жоқ. Ал бірнеше кезеңде қаржыландыруды қажет ететін 22 ірі жоба мен жүйелі мәселелерге республикалық бюджеттен биыл 102,9 млрд теңге қарастырылған.

«Әкімдіктердің өз құзыретіне кіретін мәселелерді орталық денгейде шешілетін проблемалар тізбесіне енгізу фактілері бар екенін атап өтеміз. Осыған орайда 140 мәселенің ішінен мемлекеттік органдар 28-ін қолдамады», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президенттің «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулер өткізу туралы» Жарлығы қабылданды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет басшысы кейбір өңірлерде басшылар халықпен кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғанын сынады.

Үкімет отырысында биылдан бастап орталық және жергілікті атқарушы орган басшыларының өңірлерге барып, халықпен жүзбе-жүз кездесу өткізудің жаңа тәртібі жүзеге асырылып жатқаны айтылды.



Соңғы жаңалықтар