Өңірлер жолаушылар тасымалын субсидиялауға қаражат тапшы екенін мәлімдеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Алтай Сембекұлы қалаларда жолаушылар тасымалы саласында әлеуметтік маңыздағы бағдарларды субсидиялау проблемаларын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолаушылар тасымалындағы қауіпсіздік, қызмет сапасы, паркті жаңарту жұмыстары бағдарларды субсидиялау мәселесіне тікелей байланысты. Әлеуметтік маңыздағы бағдарлар бойынша тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау жергілікті атқарушы органдардың міндетіне жатады. Бұл мәселе бойынша 2020 жылы Үкімет қаладағы жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешенін бекітті», - деді А. Сембекұлы министрлікте өткен кеңесте.

Оның айтуынша, соңғы 4 жылда субсидиялау сомасы бес есе өсіп, 102 млрд теңгені құрады. Дегенмен бұл қаражаттың 80 пайызға жуығы тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына ғана тиесілі болды. Сонымен қатар, субсидияның жалпы көлеміндегі 1,2 пайызы Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының үлесінде.

«Субсидияның 18 пайызы қалған 14 өңірге тиесілі. Соңғы жылдары субсидия сомасының артуын тек республикалық маңыздағы қалалар мен елорда есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Өңірлердің мәліметінше, аталған саланы тиісті қаражат сомасымен субсидиялауға жергілікті бюджет жеткіліксіз», - деді комитет өкілі.

Осы орайда ол министрлікке жергілікті атқарушы органдар субсидия бойынша қажетті соманы растайтын нақты құжаттарды ұсынбай жатқанын айтты.

«Мұндай ақпарат берілсе, біз бөлінген қаражатты есекере отырып, тапшылық сомасын айқындар едік. Бұл өз кезегінде жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражатқа талдау жасауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, әлеуметтік автобус бағдарлары бойынша тиісті жұмыстарды жүргізбей отырған өңірлерді анықтауға мүмкін болады», - деді Алтай Сембекұлы.


Соңғы жаңалықтар