Өңірдегі медициналық нысандарда ЭКСПО инновациялары енгізіледі - Сапарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Aktobe Medical Center» медициналық кластерінің дамуы туралы әңгімеледі., деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінгі таңда аталмыш кластер негізінде 400-ден астам жоғары технологиялық оталар жасалса, оның ішінде бауыр мен бүйректі ауыстыру бойынша оталар да бар.  Жаңа технологияларды әзірлеу мен енгізудегі әріптестер ретінде Оңтүстік Корея, Польша, Түркия және басқа да елдеріндегі ең мықты дәрігерлер мен медициналық ұйымдар таңдалды.

Медициналық кластерді дамытуда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері белсенді қолданылуда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында түрік инвесторлары 2,4 млрд теңге тұратын жедел жәрдем станциясын салды. Батыс Қазақстандағы бірегей құрылыс нысаны - Офтальмологиялық аурухананың (3,2 млрд теңге), 300 келушіге арналған қалалық балалар стоматологиялық емханасының (612 млн тг) құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар позитронды-эмиссионды томографиялық орталықтың (3,4 млрд теңге), екі қалалық емхана (әрқайсысы 2,2 млрд теңге) мен 20 денсаулық сақтау мекемесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аймақта денсаулық сақтау саласында МЖӘ бойынша жалпы құны шамамен 14 млрд. теңгені құрайтын 26 нысан салынуда.

«Барлық нысандарда ЭКСПО-2017-де ұсынылған неміс, оңтүстік кореялық, австриялық және түрік өндірушілерінің инновациялық әзірлемелері мен жабдықтары қолданылатын болады», - деп нақтылады аймақ басшысы.

Сонымен қатар, өңірде өмір сүру ұзақтығының артқаны, жалпы және нәрестелер өлімінің азаюы байқалады. Жыл басынан бері бір де бір ана өлімі оқиғасы тіркелмеген.

Соңғы жаңалықтар