Өңірде техногендік және табиғи сипаттағы 602 төтенше жағдай тіркелді

None
None
ОРАЛ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда техногендік және табиғи сипаттағы 602 төтенше жағдай тіркелді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қадыр Бисембаевтың айтуынша, бұл өткен жылғыдан 1 пайызға аз.  Төтенше жағдайлардың басым бөлігі Орал қаласы (24 оқиға), Зеленов (19) және Бөрлі (13) аудандарының үлесіне тиеді. Соның салдарынан 56 адам көз жұмса, 114-і жарақат алды. Тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін төтенше жағдайлардың дені - жол апаттары. Нақтырақ айтқанда, тоғыз ай ішінде облыс жолдарында 25 адамның өмірін қиып, 65-іне зардап шектірген 18 ірі көлік апаты болды. Сондай-ақ биыл облыстың су қоймаларында барлығы 26 тұрғын тілсіз жаудың құрбанына айналды. Олардың алтауы - мектеп жасындағы балалар. Өндірістік және тұрмыстық өрт салдарынан 7 адам қаза тауып, 250 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді.

Жылыту маусымының басталуымен күз-қыс айларында төтенше жағдайлардың орын алу қаупі молаяды. Бұл ретте негізгі күш жеке секторда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылады. Мәселен, облыс аумағында қараша айында өрт қауіпсіздігі айлығы басталып, «Қыс-2010» оқыту-жаттығу шарасы өтеді. Қыс айларында туындауы мүмкін табиғи апаттармен күрес бағытында іс-қимылдар жоспары жасалып, құтқарушылар дайындық жұмыстарына кірісіп те кетті. Департамент тарапынан қызметкерлердің біліктілігін арттырып, білімдерін жетілдіріп отыруларына жіті көңіл бөлінген. Мысалы, жыл басынан бері 287 адам қайта оқыту, 48 адам алғашқы дайындық курстарынан өтсе, 163 қызметкер «Өрт сөндіруші» біліктілігін алды.

Соңғы жаңалықтар