Өңіраралық форумдар қазақ-өзбек қатынастарының нығаюына ықпал етеді - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Өзбекстан арасындағы өңіраралық форумдар екі ел қарым-қатынасының нығаюына ықпал ететін қадам болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапарына орай пікір білдірген «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Талдау және әлемдік экономика орталығының жетекші сарапшысы Мұхтар Күлжан осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның Президенті лауазымына сайланғаннан кейін көрші елдің Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасында үрдіс пайда болды. Жалпы, Өзбекстан ТМД елдері интеграциялық үдерістерге ашыла бастады. Бұл ретте Қазақстан Республикасымен ынтымақтастығының орны айшықтала түскендігін атап өткен орынды», - деді ол.

Оның айтуынша, сапармен келген шетел мемлекетін қарсы алу дипломатиялық протоколындағы белгілер елдердің қарым-қатынасының деңгейін көрсетеді.

«Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ерекше жылы қабылдап, қонақжайлықпен қарсы алды. Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу салтанатты шарасы да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұндай биік мәртебені тек етене жақын мемлекеттер, одақтастар ғана ұсынады», - деді сарапшы.

Мұхтар Күлжанның атап өтуінше, Қазақстан-Өзбекстан өңіраралық форумдары екі елдің экономикалық қатынастарының одан ары нығая түсуіне ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі болмақ.

«Экономикалық та бағдар бекітілді. Ол - екіжақты тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу. Ынтымақтастығымыздың негізгі салалары ретінде көлік қатынастарының қарқынын арттыру, логистикалық инфрақұрылымдарын дамыту, ауыл шаруашылығы мәселелері айтылды.

Мемлекет басшысының сапары аясында қол қойылған Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум да экономиканың барлық саласындағы өзара тиімді әрі жемісті ықпалдастықты кеңейте түсуге қызмет етеріне сенімім мол», - деді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар