Өңір тұрғындары Мәжіліс депутаттарына референдумға қатысты ойларын білдіруде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаттары қазақстандықтарды Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдумға қатысуға үндеп, өңірлерді аралап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәселен, депутат Еділ Жаңбыршин Маңғыстау облысына сапары барысында өңір теміржолшыларымен кездесті.

Депутаттың айтуынша, жүрегі елім, жерім, халқым деп соғатын әрбір азамат Конституциялық өзгерістерді талқылауға белсене араласып, референдумға қатысып, өз таңдауын жасауы керек.

Теміржолшылар өздерін толғандырған сұрақтарды алға тартып, Ата заңға енгізілетін өзгерістердің жекелеген баптары бойынша ортақ пікірлерін айтты.

Осы күні Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылының тұрғындарымен жүздесті.

Депутаттың пікірінше, референдум – халыққа деген сенімнің, азаматтарды мемлекеттік басқару ісіне кеңінен тартудың айқын белгісі. Өз кезегінде Ақсеңгір ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрсынғали Сарыбаев «Қазақстанның болашағын айқындайтын, ойымызды ашық жеткізуге мүмкіндік беретін, референдумды толық қолдаймыз», - деген ойын білдірді.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысына барған мәжілісмен Дмитрий Колода Петропавл қаласында зауыт жұмысшылармен кездесіп, Конституциялық реформа төңірегінде мазмұнды әңгіме өрбітті.

С.Киров атындағы зауыт көне кәсіпорындардың бірі. Заманауи техникалық құралдарды өндіреді. Кәсіпорында 500 адам еңбек етеді, олар конституциялық түзетулермен толықтай танысқандарын және қолдайтындарын айтып, референдумға қызығушылық танытты.

«Өңірлерге сапар барысында депутаттар референдум Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі тарихи оқиға екенін айтып, ел тұрғындарын белсене қатысуға шақырды», - деді Мәжілістің баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар