Өңір дамуына үлес қосқан ақтөбеліктер марапатталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Тәуелсіздік күніне орай «Жасай бер, жаса, тәуелсіз Қазақстаным!» атты мерекелік шара өтті.

Барлығы 60 ақтөбелік түрлі наградаларды иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерекелік кешке ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, үкіметтік емес ұйым, мемлекеттік органдардан жалпы саны 1500-ден астам адам қатысты. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ақтөбеліктерді Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен құттықтады. Тарихқа көз жүгіртіп, ата-баба аңсаған азаттықтың құндылығын атап өтті.

«Елбасының »Тәуелсіздікке қол жеткізу қиын, ал оны сақтап қалу одан да қиын деген« сөзі бар. Сондықтан тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, елдігімізді нығайту әрбір азаматтың міндеті. Біздің алға қойған мақсатымыз - дамыған 30 елдің қатарына ену. Жастарымыздың қабілеті, білімі мен бірлігі, қандай да бәсекелестікке қарсы тұрарына еш күмән жоқ. Жарқын болашақ жақын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - деді өңір басшысы О.Оразалин.

Облыс әкімі аймақтың 2019 жылдың 11 айында жеткен жетістеріне тоқталды. Экономиканың дамуы 105% құраған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 836 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Тәуелсіздікті нығайтуда өңір халқының бірлігі, ортақ мақсаттағы жауапкершілігі мен белсенділігі аса қажет. Сонда ғана біз туған жеріміз – Ақтөбені құтты мекенге айналдырамыз», - деді О.Оразалин.

Кейін облыс әкімі өңірдің мәдени, қоғамдық саяси, әлеуметтік дамуына үлес қосқаны үшін түрлі салада қызмет еткен 51 азаматты марапаттады.

Дөң тау – кен байыту комбинатының басшысы Виктор Тиль «Отан» орденін, «Максимус» ЖШС үйлестіру кеңесінің төрағасы Амангелді Майтеков, Ақтөбе металл құрастыру зауытының директоры Қайрат Қойлыбаев «Парасат» орденін алды. Ақтөбе облысы, Темір аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмахан Өтепов, еңбек ардагері Жақсыбай Талаев, Ақтөбе облысы әкімдігі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов, Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнара Күнбаеваға «Құрмет» ордені табысталды.

Бірқатар ақтөбелікке ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, Құрмет грамотасы берілді. Ал Рабиға Сыздық, Амангелді Айталы, Дінмұхаммед Құдайберген, Құрманғазин Есімхан сынды 4 азаматқа «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Соңғы жаңалықтар