Өнерлі отбасының өнерпаз өрендері - Серіковтер отбасы (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінде қазақ сахнасында абырой-беделі қалыптасып қалған алматылық Серіковтер отбасы қалың көпшілікке үлгілі отбасы болып отырғандығы аян.

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін өнер жолында жүрсе де, бес бала тәрбиелеп, жеткізіп отырған шаңырақтың босағасы берік, түтіні түзу.

Алматы қаласының қоғамдық өміріне белсенді үлес қосып жүрген отбасы бірден әкімшіліктің назарына ілініп, биыл Серіковтер Түрксіб ауданының атынан «Мерейлі отбасы» байқауына қатысты.

Қалалық байқауда Серіковтердің шаңырағы топ жарып, ең үздік өнерлі отбасы атанды.

Отағасы белгілі актер, «Нысана» театрының директоры Әбдінасыр Серіков пен отанасы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының актрисасы, «Балапан» арнасындағы «Әліппе» бағдарламасының жүргізушісі Лиза Серікованың шаңырақ құрғанынан биыл 23 жыл толды.

Сол уақыттан бері жарасымды жұп бес баланы тәрбиелеп жеткізумен қатар қазақ мәдениетінің дамуына да үлес қосып келеді.

«Алланың бергеніне мың шүкір. Өміріміз өнер жолымен байланыста болса да, дүниеге келген бес баламызды көштен қалдырмай өсіріп келеміз. Олардың барлығы көзін ашқалы бері сахнада, сахнаның сыртында өсті. Мен ешқашан «бала тудым» деп декреттік демалыста отырып көрген емеспін. Үнемі гастрольдік сапарға шыққан кезде үнемі өзіммен алып жүретінмін. Біздің театр балаларым үшін өз үйіндей болып кетті. Оларды барлық ұжым біледі. Театрдың жалақысымен балаларды балабақшаға берудің өзі ақылға сыймайды. Балаларымның театр тынысын сезініп өскенінен болар, олардың барлығы өнерге жақын», - деді Лиза Зейнелқызы.

Өнерлі жұптың тұңғышы Әбілмансұр Серіков актерлік жолды таңдаған. Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясын тәмамдаған 23 жастағы жас актердің ауыз тұшытып айтарлық тәжірибесі де бар.

ҚР Президенті туралы «Балалық шағымның аспаны» фильмінде президенттің мектептегі бозбалалық шағын, «Біржан сал» фильмінде Ләйлімнің інісі Мамайдың рөлін сомдаған. Қазір өзі де шаңырақ көтеріп, ата-анасына тәтті немере сүйгізіп отыр.

Екінші қызы 17 жастағы Ханшайым мектепті биыл бітірді. Алдына қойған асқақ армандарына жетуге талпынуда.

Үшінші қызы Аида 9 сыныпты бітірді. Мектепте озат оқушы, көркемсөз оқулары байқауларының жеңімпазы да өз өмірін өнермен байланыстыруды жоспарлап отыр.

8 жастағы Роза Серікова жастығына қарамастан репертуарында біршама рөлі бар қалыптасқан актриса десек те болады.

«Роза «Қарагөз» пьесасында Қарагөздің балалық шағын, Ілияс Жансүгіровтың жары туралы «Фатима» пьесасында қызы Ильфаны, Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» пьесасында Әселдің сіңлісін, «Карменсита» қойылымында биші қыздарды ойнайды. Мектептегі жиындарда түрлі ертегі персонаждарын сомдайды. Менің қызым да менімен бірге гастрольдік сапарлардан қалмайды. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, қызым кішкентайынан сахнада өсті. Мен сахнада болсам, ол сыртында ұйықтап жататын. Аллаға шүкір, осы балаларымның арқасында Алматыда Түрксіб ауданынан баспана алдық», - деді отанасы Лиза Зейнелқызы.

Оның айтуынша, сүттей ұйыған отбасының басты құндылығы - береке-бірлік пен өзара түсіністікте жатыр.

«Менің анам ешқашан ерінің алдын кесіп өтпейтін. Сол кісіден алған тәрбием, үлгі-өнегем болар, мен де ерімнің алдына шығып көрген емеспін. Еріме деген құрмет - менің шаңырағымның шайқалмауына көмек беріп келеді десем де болады», - деді Л.Зейнелқызы.

Сөз соңында отанасы өзінен кейінгі сіңлілеріне бақытты отбасының негізгі тірегі әйел екендігін айтып, отбасында барынша кешірімшіл, төзімді болуға кеңес берді.

Соңғы жаңалықтар