Өнеркәсіптік революцияға Қазақстанмен бірге дайындаламыз - Корея Президенті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанмен түрлі салаларда ынтымақтастықты дамытуға ниеттіміз. Бүгін елордада Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы негізде болашаққа бағытталған экономикалық ынтымақтастықтың жолдарын ұсынғым келеді. Біріншіден, екіжақты қарым-қатынастың кеңістігін түрлі салалар бойынша кеңейту керек. Ынтымақтастығымыз көбіне энергетикалық ресурстар, инфрақұрылым саласында дамып келді. Алдағы кезеңде өзара байланыстарда денсаулық сақтау, қаржы, мәдениет, туризм салаларына ерекше екпін қоймақпыз», - деді Оңтүстік Корея басшысы Қазақстан-Корея бизнес-форумында.

Осы орайда ол бүгін екі ел арасында маңызды құжаттарға қол қойылғанын еске салды.

«Қазақстан мен Оңтүстік Корея Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамуға бірге дайындалады. Осы арқылы алдыңғы қатарлық технологиялар саласында ынтымақтастықты бірлесе ілгерілетуге келістік», - деді Мун Чжэ Ин.

Сонымен қатар ол екі ел логистика саласында да ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінгі бизнес-форумда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда іскерлік бастамалар мен инвестицияларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Корейлік инвесторлар Қазақстандағы бірқатар жобаға қызығушылық танытты. Тараптар Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобаларын жүзеге асыру саласында ынтымақтасуға және осы жобаларға корей инвесторларын тартуға жәрдемдесуді көздеп отыр.

Соңғы жаңалықтар