Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі алаңдатады - депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі едәуір алаңдатады. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары, депутат Балаим Кесебаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел экономикасындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі едәуір алаңдаушылық туғызып отыр. Өнеркәсіптің неғұрлым қауіпті салаларындағы және көліктегі авариялық деңгей жоғары болып қалуда. Техногендік төтенше жағдайлар көбінесе жабдықтардың пайдалану мерзімінің асып кетуіне, қызмет көрсету мен жөндеудің сапасыз жүргізілуіне немесе уақтылы жүргізілмеуіне байланысты болатыны анық», - деді Б. Кесебаева Мәжілістегі «Азаматтық қорғау жүйесін дамыту туралы» тақырыбындағы Үкімет сағатында.

Сонымен қатар ол гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайы күрделі болып тұрғанын атап өтті.

«Өңірлердің дүлей апаттарға дайындық деңгейінің жеткіліксіздігі министрліктің аумақтық бөлімшелерінен және жергілікті атқарушы органдардан тиісті алдын алу шараларын күшейтуді талап етеді. Сондықтан, бүгін біз азаматтық қорғау жүйесінің ағымдағы жай-күйімен және даму перспективаларымен ғана танысып қоймай, сонымен қатар қоғамның және депутаттардың үнемі назарында болатын осы саладағы қазіргі проблемаларды талқылауымыз қажет», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, соңғы төрт жылда елімізде төтенше жағдай, табиғи және техногендік сипаттағы оқиғалар салдарынан 9 047 адам зардап шеккені айтылды.



Соңғы жаңалықтар