Өнеркәсіптік қауіпсіздік бағытындағы заңдар қайта қаралады және қатаңдатылады - депутат шахтадағы апат жайлы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Депутаттар алдағы отырыстарда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласын реттейтін заң жобаларын қайта қарап, оларды қатаңдату бойынша шаралар қабылдайды. Шахтинскідегі шахтада болған апатқа қатысты пікір білдірген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл қайғылы оқиға барлығымыздың жанымызға батып отыр. Сонымен қатар, бұл біз үшін сын болып тұр. Осы орайда, Үкімет алдағы уақыта осындай жағдайларды болдырмау үшін жұмыс атқаруы керек деп есептеймін. Жабдықтардың тозу мәселесі болғаны да жасырын емес деп ойлаймын. Дегенмен менің пікірімше, адам қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс. Тиісінше, Үкімет пен Парламенттің қос палатасы бірлесіп, заңды қатаңдату бойынша шараларды қолға алуы керек.

Шахтинскідегі жағдайға комбинаттың басшылығы жауапты болатыны анық. Бұл мәселеге Президент те тікелей араласып, қатаң бақылауға алды», - деп атап өтті Фахриддин Қаратаев.

Оның сөзінше, депуттаттар қауымы алдағы отырыстарда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласын реттейтін заң жобалары мен құқықтық нормативтік актілерді қайта қарап, жауапкершілікті күшейтуді қолға алады.

«Біз заңды қатаңдатуымыз керек. Өйткені, қазіргі заңнамада жеңілдетілген тұстары болуы мүмкін. Соларды қолға алу керек. Өндірістік кәсіпорындарды үлкен немесе кіші деп бөлудің қажеті жоқ. Барлығына бірдей талап қою маңызды. Ол үшін депутаттар мен Үкімет бірлесіп, алдағы отырыстарда заңдарды қайта қарап шығады.

Егер қойылған талаптар мен міндеттерді акционерлік қоғам орындамайтын болса, онда заңды одан әрі күшейте түсу қажет. Депутаттық корпус мұндай түйткілдерді жақында ғана көтерді. Бұрынғы оқиғаларды мысал етіп айттық. Ұсыныстар да айтылды. Депуттатық сауал жолдадық.

Біз бұл мәселеге аса назар аударып, алдағы уақыттарда осындай жағдайлардың болмауын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейміз.

Шахтинскідегі апаттан қаза тапқандардың қайғысына ортақпыз. Өзімнің және әріптестерімнің атынан қайғырып көңіл айтамын», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар