Өндірушілер битумды делдалдарға ғана өткізеді - сенатор

2022 жылғы 29 қыркүйек, 14:02
Өндірушілер битумды делдалдарға ғана өткізеді - сенатор

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жергілікті автожолдарды жөндеу сапасы нашар бақыланады, жоспарлау тиісті талдаусыз жүргізіледі және «қалдық қағидаты» бойынша қаржыландырылады. Сенатор Серік Шайдаров өзінің депутаттық сауалында жолдар мен елді мекендердегі көшелер жай-күйінің негізгі проблемаларын алға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат жергілікті жолдардың теңгерімді дамуы мен күтіп ұсталуын қамтамасыз ету үшін ортақ пайдаланудағы барлық жолдарды басқару бойынша бірыңғай әкімшілік құру, сондай-ақ жол құрылысы үшін жергілікті материалдарды белсенді пайдалану қажет екеніне сенімді.

«Елімізде жолдарды салу және жөндеу үшін барлық қажетті материалдар бар. Алайда, отандық өндірістің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Жаз кезінде шамамен 500 000 тонна көлемінде битум тапшылығы байқалады. Құрылыс маусымының қызған шағында битумның бағасы үш есе артады. Өндірушілер битумды делдалдарға өткізеді. Дизель отынының бағасынан да осыған ұқсас жағдай байқалып отыр», - деді Серік Шайдаров Сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор ұсыныстарының ішінде делдалдарға тосқауыл қою, зауыттардың мердігерлермен тікелей шарттар жасасу жөніндегі міндеттемелері, қажет болған жағдайда шарттарды түзету рәсімдерін жеделдету, сондай-ақ сметалық құжаттамаға бақылауды күшейту секілді қадамдар бар.

«Соңғы жылдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендердің көшелерін жөндеуге қомақты қаржы бөлініп жатыр. Бөлінген қаражат негізінен орташа жөндеу жұмыстарын қаржыландыруға бағытталады, дегенмен оның сапасы нашар. Себебі, сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан да, ведомстволық сараптамадан да өтпейді. Елді мекендердің көшелерін жөндеуге міндетті ведомстволық сараптама енгізу қажет», - деді сенатор.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar