Өндірістік жарақат алу жағдайына көбінесе жұмыс берушілер кінәлі – елорда кәсіподағы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық Кәсіподақ орталығының төрағасы Тастанбек Есентаевтың айтуынша, өндірістік оқыс оқиғалардың салдарынан Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері 8 адам көз жұмған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында 34 өндірістік жарақаттану жағдайы тіркелді. Олардың 27-і күрделі жарақат алумен, 8-і өкінішке қарай өліммен аяқталған. Өндірістік жарақаттану жағдайларын мемлекеттік еңбек инспекторларымен қатар, кәсіподақ өкілдері де тексереді. Өлімге алып келген төтенше жағдайларды зерттеу нәтижесі көрсеткендей, көп жағдайда жарақаттану жұмыс берушінің кінәсінен болады», - деді Тастанбек Есентаев елорданың баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жұмыс барысын дұрыс ұйымдастырмау, қауіпсіздік еңбек шарттарын қамтамасыз етпеу, еңбек шарттарын үйретпеу және түсіндірмеу, бұзылған көліктер мен құрылғыларды пайдалану, тиісті құралдармен, киім-кешекпен қамтамасыз етпеу секілді кемшіліктер оқыс оқиғаларға себеп болып жатады.

«Өндірістік жарақаттануға жол берген барлық ұйымдарда кәсіподақтардың болмағанын, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша өндірістік кеңестің құрылмағандығын атап өткен жөн. Құрылыс ұйымдарының бірінде қызметкердің міндетті сақтандыру шартының мерзімі өтіп кеткен. Әр жағдайға қатысты материалдар ҚР заңнамасына сәйкес, тиісті шараларды қолдану үшін өкілетті органдарға жіберілді», - деді Тастанбек Есентаев.

Еске сала кетсек, аталмыш жиында Нұр-Сұлтан қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы Мұрат Шәкенов Нұр-Сұлтанда еңбек инспекторлары өрескел заңбұзушылыққа жол берген 8 құрылыс нысанының жұмысын тоқтатқанын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар