Өндірісті күшейту мен экологияны қорғау арасында тепе-теңдікті сақтау керек - Тоқаев

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы жұртшылығымен кездесуінде өңірдегі өнідіріс пен экологиялық мәселелер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел ішіндегі құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасы жұмыс істеп тұр. «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң қабылданды, ол отандық өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді бағамен және жеткілікті көлемде шикізатпен қамтамасыз етуге арналған. Экономиканы әртараптандыру, шығарылатын тауарлар номенклатурасын кеңейту – барлық өңірлер үшін басым міндет. Мен былтырғы Жолдауда мақсатты көрсеткіштерді белгіледім. Өңдеу өнеркәсібінің экспортын 2025 жылға дейін 1,5 есеге, ал еңбек өнімділігін 30%-ға арттыру қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз сөзінде Президент өнеркәсіптің дамуы экологияға салмақ түсіретінін атап өтті. Елдегі шығарындылардың үштен бірі – жыл сайын 700 мың тоннаға жуық шығарынды Павлодар облысына келеді.

«Күнделікті жұмысы тұтас елдің индустриалды өсуінің негізі болатын аймақ тұрғындары туған өлкесінің қоршаған ортасының жай-күйіне қатты алаңдайды. Экологиялық жағдай – азаматтардың өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші. Сондықтан, өндірістік әлеуетті күшейту мен экологияны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті», - деді Президент.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар-Ертіс өңіріне Қазақстанның экономикалық прогресінде ерекше рөл берілетінін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар