Өндіріп алынған мүліктің банк балансында болуының шекті мерзім белгіленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өндіріп алынған мүліктің банктердің балансында болуының шекті мерзімі белгіленеді. Бұл туралы стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер туралы заң жобасын талқылау кезінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы өндіріп алынған мүліктің банктердің және микроқаржы ұйымдарының баланстарында болуы үшін шекті мерзімді 3 жыл деп белгілеуді көздейді. Бұл банктерді және микроқаржы ұйымдарын стрестік активтерді экономикалық айналымға жедел түрде тартуға ынталандырады», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Бұдан бөлек, заң жобасында жеке инвесторлардың сатып алынатын қарыздарды сервистік компанияларға сенімгерлік басқаруға беру міндеті көзделеді.

«Сенімгерлік басқаруға беру бойынша талап мынадай проблемалы кредиттерге қолданылады. Біріншіден, дара кәсіпкерлердің қарыздарына алу кезінде. Екіншіден, заңды тұлғалардың берешегі 16,5 мың айлық есептік көрсеткіштен немесе 50 млн теңгеден аспайтын қарыздарға. Үшіншіден, инвестор бейрезидент болып саналса. Қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында банк қарызы және микрокредит шарттары аясында кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына қойылатын барлық талаптар мен шектеулер жеке инвесторға қолданылатын болады. Осылайша, қарыз алушылардың құқықтары жеке инвесторлар мен сервистік компаниялар алдында қорғалады», - деді агенттік басшысы.

Атап айтқанда, бұл құжат аясында банктердің және микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерін жеке инвесторларға сату құқығы беріледі.

Заң жобасында сервистік компаниялар институтын құру көзделеді. Олар инвесторларға проблемалы кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін іске асырады. Сервистік компаниялар институтын дамыту - стрестік активтердің өтімді нарығын құру үшін қажетті жағдай жасайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2016 жылдан бастап банк секторын қалыпқа келтіру бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 6,7 трлн теңге сомасындағы стрестік активтер есептен шығарылды. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6 пайызын құрады.


Соңғы жаңалықтар