Өңдеу өнеркәсібіне 7 пайыздық несие беріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Өнеркәсіпті қолдау қоры» акционерлік қоғамы өңдеу өнеркәсібінің жобаларын қаржыландыру бағдарламасын іске қосып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қордың мәліметі бойынша, Қазақстан даму банкі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі шағын, орта және ірі бизнеске өңдеу өнеркәсібінің жобаларын қаржыландыратын бағдарламаны іске қосып отыр.

Бағдарлама өңдеу өнеркәсібінің құрылымын одан әрі әртараптандырып, жоғары бөлініс тауарларының өндірісін ынталандыруға бағытталмақ. Сондай-ақ ел экономикасына іштен және сырттан инвестиция тарту көзделіп отыр.

Осы мақсаттарды іске асыру үшін бағдарлама аясында инвесторларға 250 млрд теңгеден астам несие беріледі. Оның негізгі шарттары мынандай:

• лизингпен қаржыландыру/несиелендіру мерзімі – 3 жылдан 20 жылға дейін;

• қаржыландыру валютасы – теңге;

• сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7 %;

• Бір жобаға бөлінетін несие сомасы –3 млрд теңгеден жоғары.

«Қаржыландыру үшін жобаларды қарау барысында өтініш берушілердің жергілікті қамту жөніндегі талаптарға, өз өндірісінің айналасындағы шағын және орта кәсіпорындарды дамыту және ҚР заңнамасында көзделген өзге де міндеттемелер сияқты қарымта міндеттемелерге баса назар аударылады.

Бағдарламаны іске асыру өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының негізгі қаражатын жаңартуға мүмкіндік беріп, шамамен 10 000 тұрақты жұмыс орнын құрады», - деп жазылған қордың ресми мәліметінде.


Соңғы жаңалықтар