АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл апатты, үш ауысымды, ескі мектеп мәселесінің бір бөлігін шешуге жетеді. Тамыз кеңесіне қатысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин мұғалімдерге білім беру мен тәрбиені қатар алып жүруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл Ақтөбеде 424 мектеп жұмыс істейді. Онда 173 мыңнан астам бала оқиды.
«Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атты тамыз кеңесінде сол балаларға білім беру, олардың тәрбиесі жайлы сөз қозғалды.
Биыл 4,4 млрд теңгеге 3650 орындық 13 мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл үш ауысымды 2, апатты 3, орын тапшылығы бар 4 және ескі 5 мектептің мәселесін шешеді.
Облыс әкімі білім сапасын көтерудің маңызын атап өтті.
«Білім сапасына нақты көңіл бөлуді талап етемін. Ұстаздар мен оқушыларға барлық жағдай жасалып, жаңа мектептер салынып, бұрыннан барлары күрделі және жеңіл жөндеуден өткізіліп, қажетті заманауи технологиялармен қамтылып жатыр. Алайда облысымызда білім саласының деңгейі көңіл көншітпейді. Неліктен ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші төмен? Кемшіліктер қай жерден кетіп отыр? Жалпы бұл бағытта білім беру ұйымдары жұмысты ширатуы қажет. Басшы өз қызметіне сай болып, мұғалімнен жұмысты дұрыс, әділ талап ете білсе, барлық мәселе шешімін табады. Мектепте балаға тиісті деңгейде білім берілсе, ата-ана баласын қосымша ақылы ҰБТ-ға дайындық курстарына бермес еді. Бұл да ойланарлық жағдай. Мұғалім де алдында отырған оқушының білім сапасына жауапты екенін ұмытпауы керек. Сондықтан сынды дұрыс қабылдап, нәтиже шығаратын кез әбден жетті деп ойлаймын. Себебі жаңа Қазақстанды құру мектеп қабырғасынан, отбасынан басталады. Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған нақты міндеттер бізге белгілі, біз оны орындау үшін барлық күш жігерімізді саламыз»,- деді облыс әкімі.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты, Ақтөбе қаласындағы №9 орта мектеп-гимназиясы, Ақтөбе қаласындағы Мәрия Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназиясы, Әйтеке би ауданы, Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектебі, Шалқар ауданы, Әліби Жангелдин атындағы орта мектебін марапаттап, жеңімпаздарға сертификаттар табыстады.