Оңдасын Оразалин «CNPC-Ақтөбемұнайгаздағы» айлық теңсіздігі туралы пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» компаниясындағы айлық теңсіздігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, мен кез келген кәсіпорындағы ереуілдерді жұмысшы таптың өз құқығын қорғау күресі деп қараймын. Бұл – бәріміз мектеп қабырғасынан бері білетін аксиома шығар. Осылай қарасақ, мен бұл жағдайдан соншалық трагедия көріп тұрған жоқпын. Қандай да бір кәсіпорынның жұмысшылары еңбек жағдайына, еңбекақы деңгейіне көңілі толмаса, өз мәселелерін шешуге құқылы. Кәсіподақтардың келіссөздері бар. Егер мәселе онымен шешілмесе, ереуілге шыға алады», - деп бастаған әкім халықаралық тәжірибеде бұл мәселе жұмысшы мен жұмыс беруші арасында жеке шешілетінін атады.

«Мысалы, Техастың немесе тіпті Ресей облыстарының губернаторы осындай мәселені шешумен анйласып жүргенін елестете алмаймын. Өкінішке қарай, бізде «бәріне әкім жауапты» деген практика қалыптасқан. Әрине, бұл мәселеде мен өзіме жауапкершілік алдым. Қазір мәселені шешу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Еңбек инспекциясы, кәсіподақ ұйымдары, жұмыс берушілер бар. Солардың арасында диалог орнатуға күш салып жатырмыз. Ақтөбе облысында жалпы еңбекақы деңгейі, өңірдің әлеуетіне қарамастан, орташа республикалық деңгейден төмен. Орташа республикалық көрсеткіш 260-270 мың теңге болса, бізде 225 мың теңгеге әрең жетеді, - дейді облыс басшысы.

Оның мәліметі бойынша, ақтөбелік мұнайшылардың айлығы Маңғыстау, Атырау облыстарындағы әріптестеріне қарағанда 2-3 есе төмен көрінеді.

«Бір жағынан бұл тарихи жағдайға байланысты осылай қалыптасқан. Мұнай компанияларының алдына еңбекақыны көтеру туралы талап қойып отырмыз. Нақты «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы бойынша айтсақ, қазір облыстың жер қойнауын әрі қарай пайдалану туралы келісімшарт қайта жазылып жатыр. Осы құжаттағы негізгі шарттардың бірі – еңбекақы көлемін орташа салалық нормамен теңестіру. Бұдан бөлеу әлеуметтік сипаттағы басқа да шарттар бар», - деген Оңдасын Оразалин CNPC –дің жеке өзінде де, мердігер ұйымдарында да айлық бойынша айырмашылық бар екенін растады.

«Бұл жерде мәселе мұнайға сервистік қызмет көрсететін компаниялар мен CNPC-Ақтөбемұнайгаз арасындағы келісімдерге байланысты болып тұр. Біз бұл істе тарифті көтеруді талап ету арқылы ғана айлыққа әсер ете аламыз. «CNPC- Ақтөбемұнайгаздың» өзінде орташа жалақы бойынша айырмашылық өте жоғары. Төменгі сатыдағы персонал шамамен 200 мың теңге алса, басқарушы құрамның айлығы 700 мың теңге көлемінде. Сонда орташа жалақы 300 мыңның айналасында. Ал қосалқы мердігер компанияларда айлық мүлде аз. Мен 90-120 мың теңге ғана алатын қосалқы мердігерлер бар екенін естігенде тіпті таңғалғам», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар