«ОҢАЙ» көлік картасынан ақша жоғалуы мүмкін бе?

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алматы қаласының Көлік Холдингі» ЖШС жолаушылардың «ОҢАЙ» көлік картасынан ақша жоғалып жатқандығы туралы шағымдарына жауап берді.

«ОҢАЙ» картасында ақша жоғалып жатқандығы туралы шағымданған жолаушылар бойынша шын мәнісінде мынадай жағдай орын алған. Олар қоғамдық көлікке кіргенде карталарында ақша болмаған. Бірақ сол карталары арқылы жол ақысын несиеге төлеуге қол жеткізген. Келесі жолы картадағы теңгерімін толықтырған сәтте, өткен жолы пайдаланған несиесі автоматты түрде өтелген. Яғни, ақша жоғалған жоқ, керісінше несиесі жабылған», - деп хабарлайды «Алматы қаласының Көлік Холдингі» ЖШС баспасөз қызметі.

Бұл жерде «Алматы қаласының Көлік Холдингі» ЖШС өзінің байланыс орталығына мына телефон нөмірі арқылы хабарласуға болатындығын жеткізді: 397 01 91. Сөйтіп, жол ақысының төленген уақыттарын, бағдардың нөмірі және басқа да мәліметтерді алуға болады.

«Жолаушыға жол ақысын несиеге төлеуге болады. Мысалы, жолаушы картаның балансын 200 теңгеге толықтырып, қоғамдық көліктерде 2 рет төлейтін болса, картасында 40 теңге қалады. Ал, жол ақысы - 80 теңге. Картасының теңгерімін толықтыруды ұмытып кетіп, үшінші рет төлегісі келсе, транзакция жасалады, яғни 40 теңге және автоматты түрде несиеге тағы 40 теңге төленеді. Келесі жолы карта теңгерімі толықтырылған кезде 40 теңге автоматты түрде өтеледі. Уақыт өте келе жолаушылар картадағы өз ақшаларын бақылауды және жоспарлы түрде жұмсауды үйренген соң, көп мәселе шешіледі», - деп түсіндірілген «Алматы қаласының Көлік Холдингі» ЖШС мәлімдемесінде.

Айта кетелік, «Алматы қаласының Көлік Холдингі» ЖШС ТМД аумағында тұңғыш рет электронды билеттендіру жүйесінде онлайн технологиясын қолданып отыр. Ал онлайн режімінде жолаушылар легі, жол ақысын төлеу, жолаушылардың саны, карта теңгерімінде жатқан ақшаның көлемі туралы мәліметтерді алып отыруға мүмкіндік береді.

Онлайн технология виртуалды түрде ақша ұрланудан барынша қорғалған. Сондықтан, «ОҢАЙ» картасынан ақша ұрлау мүмкін емес.

Соңғы жаңалықтар