Он жылдан аса пайдаланылған автобустар бастапқы тіркеуден өткізілмейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы үш жылда елімізде 45 950 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұрлан Бекназаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Бұл құжатты қабылдау көлік құралының жүргізушісіне талап етілетін құжаттар санын қысқартуға, автобус парктерінің жылжымалы құрамын жаңартуға, экологиялық жағдайды жақсартуға, жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұсынған мәліметтеріне сәйкес, соңғы үш жылда елімізде 45 950 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 60 469 адам әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алып, 6498 адам қаза болған. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар іс-шаралар атқарылып, жол-көлік оқиғаларының саны соңғы жылдары азайғанымен, бұл мәселе өзекті болып қалып отыр, оның бірнеше себептері бар», - деді Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.

Оның айтуынша, солардың негізгілерінің бірі – техникалық жағдайы талапқа сай келмейтін, ескірген көлік құралдарының жолаушыларды тасымалдау саласында қолданылуы. Мысалы, ресми мәліметтерге сәйкес қазіргі кезде елімізде әрбір үшінші автобус жиырма жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді.

«Бұл көрсеткіш жол-көлік оқиғалары санының көбейіп, азаматтардың зардап шегуіне әкелуде, сондықтан жолаушылар тасымалдайтын автобустарды жаңарту қажеттігі туындап отыр. Осы орайда «Жол жүрісі туралы» Заңға он жылдан аса пайдаланып келген автобустарды бастапқы тіркеуден өткізуге тыйым салатын түзету ұсынылды және бұл норманы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу көзделіп отыр. Жалпы заң жобасын қабылдау азаматтарымызға қолайлы жағдай жасауға және құқық қорғау органдарының қызметін оңтайландыруға оң әсерін тигізеді», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар